Вы сейчас просматриваете Қызылордада теміржол саласының кәсіподақ ұйымдары төрағаларымен семинар-кеңес өтті

Қызылордада теміржол саласының кәсіподақ ұйымдары төрағаларымен семинар-кеңес өтті

2026 жылғы 22 мамырда Қызылордада «Қазтеміржолкәсіп» ҚБ төрағасының орынбасары Амангелді Төреғожин, кадрлық, ақпараттық және халықаралық жұмыстар жөніндегі бас менеджер Назира Көшкімбаева, бас техникалық инспектор Қайрат Мұқанов және «Қазтеміржолкәсіп» ҚБ Қызылорда филиалының төрағасы Бауыржан Ахметовтың қатысуымен аймақтағы теміржол саласының бастауыш кәсіподақ ұйымдары төрағаларымен семинар-кеңес өтті.

Семинар барысында кәсіподақ ұйымдарының бүгінгі қызметі, ұжымдық шарттардың орындалуы және еңбек ұжымдарындағы өзекті мәселелер кеңінен талқыланды. Қатысушылар өндірістегі еңбек қауіпсіздігін сақтау, жұмысшылардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, еңбек жағдайларын жақсарту және сала қызметкерлерінің әлеуметтік қорғалуын күшейту мәселелері бойынша пікір алмасты.

Кездесу барысында кәсіподақ ұйымдарының жұмыс тиімділігін арттыру, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының белсенділігін күшейту, еңбек дауларының алдын алу және өндірістегі қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы бірлескен жұмыстардың маңыздылығы атап өтілді.

Семинар-кеңес аясында қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріліп, алдағы кезеңде атқарылатын жұмыстардың негізгі бағыттары айқындалды. Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтіп, теміржол саласы қызметкерлерінің құқықтары мен әлеуметтік кепілдіктерін қорғау бағытындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті.

Сонымен қатар Орталық кеңес төрағасының орынбасары Амангелді Төреғожин кәсіподақ атынан Қызылорда ПЧ-57 мекемесінің өндірістік учаске бастығы Бақытжан Сәрсеновке теміржол саласындағы ұзақ жылғы еңбегі үшін «Көктем» шипажайына жолдама табыс етті.