Шу электрмен жабдықтау дистанциясы кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен шағын футболдан турнир өтті. Шу қаласында өткен спорттық жарыстың ерекшелігі – теміржолшылар әр ауылдық округ тұрғындарынан құралған командалар жасақтап, өзара сынға түсті.
– Жарыстың ережесі бойынша дистанция қызметкерлері жергілікті тұрғындардан команда жасақтап, жасыл алаңға шықты. Әр топта бір өндірістік цех бастығы болуы міндеттелді. Шу электрмен жабдықтау дистанциясының бастығы және кәсіподақ ұйымының төрағасы бастаған дистанция басшыларының құрамасы да бақ сынап, өз шеберліктерін көрсетті, – дейді Шу электрмен жабдықтау дистанциясының кәсіподақ төрағасы Айдос Абзалбек.
Жарыс қорытындысында «ЭЧК Қияқты» командасы жеңіске жетіп, бас жүлдені иемденді. Теміржолшылармен қатар жергілікті жігіттер де тамаша ойын көрсетті. Екінші орынды «РЭС Шу» командасы қанжығаларына байлады. Ал үздік үштікті дистанция басшыларынан құралған «ЭЧ-22» құрамасы түйіндеді.
Жүлдегер командаларға арнайы Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.
Ардақ Үсейінова