ҚР ТЖ вице-министрі Серік Төленбергенов ҚТЖ қызметкерлеріне алғыс айтты. ҚР Қарулы күштерінің понтондық көпір паркін Ақтөбеге жеткізу үшін Ұлттық компания он платформа және вагонмен қамтамасыз етті.
Ақтөбе облысында 16 мың халқы бар аудан су ортасында қалды. Облыс орталығымен байланыс үзілген ауданға жылжымалы әскери көпір қойылды. Алматының Қонаев қаласынан тиелген әскери инженерлік техника екі күнде темір жол арқылы Ақтөбеге келді.
«Жүк 50 сағатта жетті. Қазақстан темір жолы 10 вагон жүкті тегін жеткізуге келісті. Ешқандай қиындық-кедергі болған жоқ. Бір ай, бәлкім екі ай қажет болар. Жол жөнделгенше, көпір қалпына келгенше понтон-көпір Ақтөбеде болады. Жол қатынасы жоқ кішкентай ауылдарға қайықпен, вертолетпен жеткізіп тұрмыз. Мұндай шешім бірінші рет қабылданды. Қорғаныс министрлігіне, Темір жол әкімшілігіне алғыс айтқым келеді. Қиын сәтте қолдап жіберді. ҚТЖ 10 платформа, бір вагон берді. Көпір 60 тоннаны көтереді. Бірнеше жеңіл көлік тасымалданады. Сағат сайын жүреді. Бірінде тақ, бірінде жұп. Халыққа да ыңғайлы»,– деді ҚР ТЖ вице-министрі Серік Төленбергенов
Платформаға понтондық-көпір паркінің құралдары бар автокөліктер, Орал-4320, қалқымалы транспортер, байланыс құралдары және қосалқы мүлік тиелген. Паром өткелін салуға вагонмен 15 әскери қызметші де келді. Инженерлік техника Ақтөбе қаласынан Ойыл ауданына әскери көлікпен жеткізіліп, бір сағатта іске қосылды.
Ал Ақтөбе облысында су тасқынына байланысты қауіп әлі сейілген жоқ. Облыстың 5 ауданында, Қобда, Мұғалжар, Темір, Әйтеке би, Ойыл және Ақтөбе қаласында жергілікті ауқымдағы табиғи сипаттағы төтенше жағдай сақталып тұр. Қауіпті аймақтарда су сору, тазалау, тоқтату жұмыстары үздіксіз жүруде. Қапшыққа құм толтыру, бөгет жасау жұмыстарымен қоса теміржолшы жастар бау-бақша ұжымдары аумағын судан қорғау, гуманитарлық көмекті түсіру жұмыстарының ортасынан табылуда.
Ардақ Ерубаева