Қаныштың қазыналы әлемі

«ҚТЖ» ҰК» АҚ-да қазақтан шыққан тұңғыш геолог-ғалым Қ.Сәтбаевтың 125 жылдығына орай «Қаныштың қазыналы әлемі» атты дөңгелек үстел өтті. Жиынға қатысушылар Қаныш Сәтбаевтың ғылымға қосқан үлесі, оның геология және тау-кен өнеркәсібіндегі жаңалықтары мен жетістіктері туралы пікір алмасты.
Іс-шара мақсаты – Қазақстанның табиғи ресурстарын зерттеудегі рөлі, әсіресе Жезқазған өңірінің кен орындарын ашудағы ғалымның еңбегін еске алу және ғылыми мұраларын насихаттау. Дөңгелек үстел аясында ғалым еңбектерінің көрмесі ұйымдастырылып, ол туралы бейнеролик көрсетілді. Жиынға Астана қаласы әкімдігінің Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» КММ басшылығы, теміржолшылар және мемлекеттік тіл үйрену курсына баратын қызметкерлер қатысты.
– Қазақ халқының біртуар перзенті, есімі жалпы дүниеге мәлім, аса көрнекті ғалым, Қазақстан ҒА тұңғыш президенті, қазақ ғылымының іргесін қалаған, адамгершілік қасиеттері мен кісілік келбеті халқының аузында аңыз боп қалған жаны жайсаң азамат Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың 125 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстелде ұлы адамға тарих тұрғысынан лайықты бағасын беру, ұлтымыздың мақтанышы екенін көрсете білу – баршамыздың парызымыз, – деді жиын модераторы, «Руханият» КММ оқытушысы Жұлдыз Байбатырова.
Жиынға қатысушылар ұлы ғалымның өмір жолы мен еңбектері туралы әңгімелеп, қазақ ғылымының алыбына арналған нақыл сөздерге назар аударды. Айтулы тұлғаға арналған нақыл сөздер мен өлеңдерді кеш қатысушылары бірге тыңдады. «Қаныш аға бейнесі» атты Ғани Ормановтың өлеңін ҚТЖ компаниясының қызметкері Эльмира Омарова оқып берді. ҚТЖ-да мемлекеттік тіл үйрену курсына қатысатын өзге де қызметкерлер ғалым жайлы ойлары мен білетін деректерін ортаға салды.