Вы сейчас просматриваете ҚАРИЯЛАР ҚАМҚОРЛЫҚТАН КЕНДЕ ЕМЕС

ҚАРИЯЛАР ҚАМҚОРЛЫҚТАН КЕНДЕ ЕМЕС

Қарияға қамқор болу – барлық қоғамның міндеті. Ал үлкенді сыйлау, оларға құрмет көрсету – біздің ата салтымыз. Қызылорда ардагерлер кеңесінде бүгінде 600-ге жуық зейнеткер есепте тұр.

Ардагерлер кеңесі бөлімше басшылығы мен кәсіподақпен тығыз байланыста жұмыс істеп, зейнеткердің хал-ахуалын үнемі назарда ұстап, олардың тиісті әлеуметтік көмекті алып, сауықтыру орындарына жолдама бөлінуін де қадағалап отырады, ешқайсысы назардан тыс қалған емес.

Жуырда ардагерлер кеңесіне жаңа төраға сайланды. Арнайы өткен жиынға Ақтөбе ЖТ бөлімшесі-Қызылорда қосалқы бөлімі бастығы Батырхан Базарбаев, орынбасары Абсұлтан Ерманов, бас инженер Күлхан Белкібаев, кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұхтар Көпірбаев, «Қазкөліккәсіп» ҚБ филиалы төрағасы Бауыржан Ахметов, «Теміржол» партия филиалы төрағасының орынбасары Базара Танбаева қатысып, аймақ теміржолының дамуына үлес қосқан ардагерлердің әңгімесіне, мұқтаждықтарына құлақ түріп, ұсыныс-тілектерін тыңдады.

Жиында бөлімшенің локомотив пайдалану бөлімінде басшылық жұмыс атқарып зейнетке шыққан Ораз Өмір- зақовты ардагерлер ұйымының төрағасы етіп сайлау туралы ұсыныс бірауыздан қолдау тауып, ұйымның алдағы уақытта атқарар жұмысы жайлы ұсыныстар айтылды. Жолдыбай Ысқақов, Аманжол Әлімбаев, Атымтай Игебаев кеңес жұмысына оңтайландыруға қатысты өз ойларымен бөлісті.

– Қазіргі эпидемиялық ахуалға байланысты екі адамның басын қосып жиын өткізе алмайтын жағдайда қалдық. Дегенмен бүгін ардагерлер кеңесінің төрағасын сайлаумен қатар, құрылымдық өзгерістерге байланысты жабылып қалған мекемелердің 292 зейнеткерін қайтадан бөлімше есебіне алу жайлы ардагерлердің ұсынысын оңтайлы шешу жолдарын қарастырып жатырмыз, – деген Қызылорда қосалқы бөлімі бастығы Батырхан Базарбаев ардагерлерді қарттар күнімен құттықтап, кеңес жұмысына сәттілік тіледі. Бөлімше басшылығы өз кезегінде қолдан келген көмекті аямайтынын жеткізді.

Жиын соңында алдағы мереке құрметіне ардагерлерге алғыс хат беріліп, бөлімше басшылығы мен кәсіподақ ұйымы атынан азық-түлік себеті таратылды.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ,

Қызылорда