ҚАРТТАРҒА ҚОЛҒАБЫС ЕТТІ!

«KTZ Express» АҚ қызметкер- лерінен құралған еріктілер елордадағы жалғыз тұратын қарттардың үйіне барып, тазалық жұмыстарына қолғабыс етті.

Сондай еріктілердің бірі Сабыржан Ғалиақпар аталған компанияның контейнерлік тасымал департаментінде жұмыс істейді. Оның ерікті болып қоғам өміріне араласып жүргеніне бірнеше жыл болған. Мұқтаж жандарға көмек қолын созуды өмірлік парызы деп санайтын ол осындай істер арқылы адам бойында рухани құндылықтар қалыптасатынын айтады.
– Қарттар күніне орай қаланың шет аймақтарындағы 3 қарияның үйіне барып, ауласын жинап, бақшасын тазалап, көмірін тасып, отын жарып, қолғабыс еттік. Бұл істе өзіммен мүдделес компания жастары жиналды. Сондықтан бұл шаруаларды бірнеше сағаттың ішінде атқарып тастадық, – дейді ерікті теміржолшы. Қарттардың алғысына бөленген осындай ерікті жастар қатары компанияда көбейіп келе жатқаны қуантады. «KTZ Express» АҚ бастауыш кәсіподақ ұйымының
төрайымы Венера Дынбаеваның айтуынша, компания құрамындағы қызметкерлердің бәрі де – кәсіподақ
мүшелері. Сондықтан 30 жылдық мерейтой аясында бұл ұйымның да еңбегін атап өту керек.
– Кәсіподақ өміріндегі барлық шараларға біздің компания қызметкерлері қашан да белсенді атсалысады.
Сондай шаралардың бірі – Халықаралық қарттар күніне орай орталық аппарат зейнеткерлерін құттықтадық.
Теміржол саласында сан жылдар еңбек еткен 8 зейнеткердің екеуі ғимаратта өткізген шараға қатысты, қалғандарына сыйлықтарын апарып бердік. Оның айтуынша, бастапқы ұйымға компанияның 100-ге жуық қызметкері мүше.

Нұрай СӘРСЕНҒАЛИ,
Астана
Суретті түсірген автор