Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ел аумағында өтіп жатқан «Ардагерлерді ардақтайық» акциясын теміржолшылар жыл бойы жалғастырып келеді.
Жуырда «Жеңіс» жобасының аймақтық үйлестірушілері ТЧЭ-5 Қандыағаш локомотив пайдалану депосының кәсіподақ комитеті, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының мүшелері қаланың еріктілерімен бірлесе тыл еңбеккерлеріне әлеуметтік пакеттер таратты. Кәсіподақ комитетінің мүшесі, депо машинисі Нұрбақыт Құлжұмыровтың айтуынша, Қандыағаш локомотив пайдалану депосының ұжымы қайырымдылық акциясына белсене қатысқан. Теміржолшы еріктілер ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне үйшаруашылығына көмектесті. Үй мен ауланы тазалау, азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алу жұмыстары ерікті жастардың қайырымдылық шарасы кезінде қалыпты атқаратын жұмыстарына айналып кеткен. Теміржолшы еріктілер қол еңбегінен кейін қарттармен әңгімелесіп, уақыт өткізеді.
«Ардагерлерді ардақтайық» акциясы тек Жеңіс күні ғана өтпейді. Теміржолшылар қайырымдылық шарасын дәстүрлі түрде бірнеше жыл қатарынан жыл бойы өткізіп келеді. Шара кезінде қарияларға азық-түліктер табысталып, үй шаруасына жәрдемдестік. Кездесудің мақсаты – ардагерлер мен жастарды байланыстыру, патриоттық тәрбиені нығайту. Ұрпақтар сабақтастығы мен диалог алаңын қалыптастыру. Қоғамда ынтымақ, патриотизм, қарт адамдарға және дәстүрге деген құрметті күшейту», – дейді Нұрбақыт Құлжұмыратов.
Қазіргі уақытта Мұғалжар өңірінде 1 соғыс ардагері және 147 тыл еңбеккері тұрады. Акция барысында теміржолшылар мен қала еріктілері 40 ардагердің үйін аралап, әлеуметтік пакеттерді сыйға тартты. «Жеңіс» жобасының аймақтық үйлестірушілері осы бағыттағы жұмыстарын алдағы күндері де жалғастыруды жоспарлап отыр. Олар енді Ембі, Жем қалаларын аралап, ауылдық округтерде тұратын тыл еңбеккерлерін де қуантуды көздеп отыр.
Ардақ ЕРУБАЕВА, Ақтөбе