Қызылорда магистральдық желі бөлімшесіне қарасты Қазалы белгі беру және байланыс дистанциясында «Еңбек қызметі және оның тәуекелдері» тақырыбында өткен семинарға Түркістан мен Сексеуіл станциялары арасындағы мекемелердің еңбек қорғау және техникалық қауіпсіздік инженерлері мен еңбек инспекторлары қатысты.
Қызылорда магистральдық желі бөлімшесінің еңбек қорғау инженері Ғалымжан Пірішев модераторлық жасаған жиында тақырып төңірегіндегі мәселелердің шешілу жолдарын бірге қарастыру қажеттігіне басты назар аударылды.
«Қазкөліккәсіп» ҚБ Қызылорда филиалының төрағасы Бауыржан Ахметов «Қауіпсіздік және еңбекті қорғау қызметтері
мен саладағы кәсіподақ ұйымдарының өзара іс-қимылы қадамдарын анықтау» тақырыбында баяндама жасап, мекеме
жұмыскерге қажетті жұмыс жағдайын жасау арқылы оның еңбегін қорғайтынын, ал жұмысшы еңбегі қауіпсіз болу
үшін өзіне тиісті жағдай жасауды талап етуге хақылы екенін ескертті. Кейде теміржолшылар осыны ескермей, өз
салғырттығы кесірінен қауіп-қатерге тап болатыны айтылды.
– Мысалға алсақ, электромонтер қауіпсіздік қағидасын өрескел бұрмалап жұмыс жасап жүргенін кездестіруіміз
мүмкін. Алайда электромонтер менің құрал-сайманым белгілі кернеумен ғана жұмыс жасауға рұқсат етілген,
одан жоғары кернеуде жұмыс жасай алмаймын демеуі мүмкін, бұл өрескел қателікке біздер мен сіздер жол бермеуіміз
керек, жұмыскердің өз өміріне жауапсыз қарауына үнсіз келісіп, қауіпті жағдайға жол берудің орнына жұмыс жағдайын
талапқа сай болуын басшылықтан талап етіп, қашан орындалғанша қаперде ұстауды дағдыға енгізу қажет, – деді
кәсіподақ жетекшісі.
Жұмысшылардың денсаулығын сөз еткен «Медикер» серіктестігінің өкілі Гүлмира Пайзоваға көп сауал жолданды. Облыстық басқарманың еңбек инспекторы Айдос Асқарұлына да сұрақ қоюшылар қатары көп болды.
Дистанцияның бас инженері Әсет Асранқұлов, мінез-құлық диалогы ұстанымдарын, қауіпсіздік қатерлерін «айсберг», «оқиғалар пирамидасы» тәсілдерінен мысал келтіре отырып түсіндіріп, жұмыс орнында жіберілген кемшіліктердің қайталануының алдын алу, сақтану жолдары жайлы бейнероликтер көрсету арқылы баяндама жасады.
Қысқасы, еңбек қорғау мәселесіне жауапты 16 инженер-маманның баяндамасы тыңдалған семинарда іс-тәжірибелерімен бөлісу, тосын жағдайлардың қайталануына жол бермеу арқылы нөлдік жарақат ұстанымына қол жеткізудегі талпынысымен көзге түскен мамандар қатарында Қызылорда ПЧ-57 бас инженері Ақыл Әбілдаев, Қазалы
ЭЧ-26 бас инженері Асқар Тлеулин, НЖС жетекші инженері Ұлжалғас Арқабаева, Қызылорда ЭЧ-25 жетекші инженері Жайылхан Сейтов және Қазалы ПЧ-59 еңбек қорғау және қауіпсіздік бөлімінің жетекші инженері Сырлан Сұлтамұратов болды. Теміржолшының қауіпсіздігі, денсаулықты сақтау, жұмысқа жарамсыздық парағының берілу шарттары, сенбілікке шығу тәртібіне орай еңбекақы төлеу заңдылығы, мақсатты, тосын, арнайы
инструктаждар өткізу қағидалары, өрт немесе апат орын алған жағдайдағы талаптар, т.т. тақырыптар төңірегінде пікір алмасқан қатысушылар сала жұмысында қажетті ақпараттармен алмасуды да ұмытпады.
Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ,
Қызылорда