Вы сейчас просматриваете ҚАУІПСІЗДІК ҚЫЗМЕТІНІҢ ХАС ШЕБЕРІ

ҚАУІПСІЗДІК ҚЫЗМЕТІНІҢ ХАС ШЕБЕРІ

Теміржол саласында қозғалыс қауіпсіздігінен маңызды еш нәрсе жоқ. Өйткені – ол адамдар өмірі мен денсаулығын және жүктердің сақталуын қамтамасыз ететін көрсеткіштер. Ал осы салада еңбек етіп, тәжірибелі маманға айналу үшін бір емес, бірнеше онжылдық уақыт қажет. Құрметті теміржолшы Бақытбек Алдажаровтың ғибратты өмір жолы соған куә.
Саналы ғұмырының 41 жылын теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін сақтауға арнап, бүгінде 65 жасқа толып отырған майталман теміржолшы, «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының қауіпсіздік жөніндегі атқарушы директоры Бақытбек Алдажаровты осы аптада әріптестері зор құрметпен зейнет демалысына шығарып салды. «Қазкөліккәсіп» ҚБ Астана торабы мен Дирекция кәсіподағы мерейтой иесіне арнайы сый-сияпат жасады.
Теміржол тарланының кәсіби қарым-қабілетін жоғары бағалайтын әріптестері бірауыздан оның осы салада ең төменгі лауазымнан бастап жоғары қызметтерге сатылай көтерілген еңбек жолы, жетістігі – маңдай тер, табан ақысының жемісі деді. Бұл туралы мерейтой иесіне Компания төрағасының орынбасары Қанат Әлмағанбетовтің атынан табыстаған құттықтау хатта да айтылған. «Өз ісін жетік білетін білімді маман, білікті басшы ретінде көп жылғы тәжірибеңізді кейінгі жас буын әріптестеріңізге үйретіп баулыдыңыз. Сіздің өнегелі өмір жолыңыз, жоғары кәсіби біліктілігіңіз, таңдаған мамандығыңызды шексіз сүйетін қасиетіңіз баршаға үлгі болды» делінген хатта.
– Әріптес ағамыздың теміржол саласын, әсіресе, Ақмола жол бөлімшесіне қарасты теміржолды дамытуға қосқан үлесі зор. Ал бұл бөлімше бірнеше құрылымдардан тұратын Қазақстан бойынша ең ұзын желі. Осы жолда қозғалыс қауіпсіздігі көздің қарашығындай сақталуы үшін Бақытбек Мұқашұлы көп жылдық маңдай терін төкті. Еңбек жолын қарапайым жолшыдан бастаған ол өмірлік тәжірибесін кейінгі жастарға үйретіп, салада талай кәсіби кадрлар қалыптастыруға атсалысты, – деді «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының бас инженері Қайырбай Орынбаев.
Бақытбек Мұқашұлы Қостанай облысындағы Пресногорьковка ауылында 1958 жылы 18 сәуірде дүниеге келген. Әкесі Мұқаш теміржолшы, соғыс ардагері болған, майданнан оралған соң 25 жыл жол жөндеуші, жол бригадирі болып еңбек еткен екен. Еңбек жолын 1974 жылы 16 жасында Пресногорковск жол дистанциясында жол жөндеуші болып бастаған бозбала бірнеше жыл тәжірибе жинап барып Алматы теміржол көлігі инженерлері институтына жол қатынастары инженері, құрылысшы мамандығы бойынша оқуға түсіп жоғары білім алады. Бітірген бойда Отан алдындағы борышын өтеуге аттанып, келген соң Целинная жол дистанциясына инженер-технолог болып жұмысқа кіреді.
Бұл – 1984 жыл еді. Екі жылдан кейін аға жол шебері, тағы екі жылдан соң дистанцияның бас инженері болып ағайындалады. 1989 жылы көпір шебері, 2000-2005 жылдары Жаңа Есіл жол дистанциясы бастығының кадр жөніндегі орынбасары, бас инженері, филиал директорының орынбасары қызметтерін атқарады. 2006 жылдан бастап 12 жыл үздіксіз Ақмола жол бөлімшесінің Көкшетау телімі бойынша салалық ревизор, қозғалыс қауіпсіздігі департаменті бас ревизорының орынбасары, департаменттің бас ревизоры болып жұмыс істейді. 2016-2018 жылдары Ақмола магистральдық желі бөлімшесі, қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің қозғалыс қауіпсіздігі жөніндегі бас ревизоры, 2018 жылы «ҚТЖ» ҰК» АҚ Магистральдық желі дирекциясы филиалы директорының қауіпсіздік жөніндегі орынбасары, ал биылдан бастап Дирекцияның қауіпсіздік бойынша атқарушы директоры лауазымдарын абыроймен атқарды.
Бүгінде Алдажаровтар әулетінің теміржолдағы еңбек өтілі 350 жылға таяған. Бауырлары, өзінің үш баласы да ата кәсіпті таңдапты.
Салаға сіңірген еңбегі үшін 2011 жылы «Құрметті теміржолшы» белгісімен, 2018 жылы «Адал еңбегі үшін» белгісімен, 2020 жылы «Түрксіб- 90» белгісімен, 2022 жылы «ҚТЖ – 25 жыл» мерейтойлық төсбелгімен марапатталған.
Райхан РАХМЕТОВА
Суретті түсірген Руслан ҚАЛИЕВ