Қызылорда темір жолының Белкөл станциясында пойыздар қозғалысы күндіз-түні бір тынбайды. Облыс орталығына іргелес жатқан станция болған соң мұнда жұмыс көп, бірі келіп, бірі кетіп, енді бірі өтуге кезек күтіп тұрған құрамдар легі толастамайтын Белкөл бейне бір қалаға кірер қақпа сынды.
Бекет теміржолшылары өздеріне жүктелген міндет пен жауапкершілікті жақсы түсінеді. Станция бастығы Кенжебек Өтегеновтен бастап ұжымның әрбір мүшесі қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында аянбай еңбек етуде.
– Өндірістік жұмыс көрсеткіштерінің жоғары деңгейде орындалуы бүкіл ұжымның ортақ жұмысының нәтижесі, жалғыз-жарым адамның жұмысымен табысқа жету мүмкін емес. Бөлімше мен компания басшылығының бекіткен жоспарына сәйкес өзімізге бекітілген міндеттемелерді орындау үшін жұмысымызды ең алдымен қатаң талапқа негізделген тәртіпке құрамыз. Өндіріс болған соң онсыз болмайды. Қадам басқан сайын қауіп-қатермен бетпе-бет келетін салада сақтық шараларын қатаң сақтау – бұлжымас қағида. Ал біздің станцияда кездейсоқ адам жоқ, бәрі де жылдар бойы осы жерде шыңдалған кәсіби мамандар, – деді Белкөл станциясының бастығы Кенжебек Өтегенов.
Бекеттің солтүстік алқымында пойыз құрастырушылар Кенжебек Малайдаров пен Қадырбай Ұлықбаев вагондарды құрамға дайындап жатса, жүк қабылдап-тапсырушылар Әсем апа мен Гүлзира Тлеумбетова, аға тауар кассирі Жанар жүк құжаттарын реттеп жатыр.
Станция кезекшісі Баян Ерекеева мен кезекші оператор Сәбит Тобашев бекеттегі бүкіл қозғалысты басқарып отыр. Тапсырыс берілген вагонды дер уақытында тиеп жіберіп, келген жүкті түсіріп алу – басты міндет.
– Айына екі рет қауіпсіздік сабағын өткізіп, орын алған кемшіліктерді талдап, оның қайталанбауы үшін алдын алу шараларын енгіземіз. Өндірістік жұмыстар ырғағы бұзылмай, еңбек қорғау мен қауіпсіздікті сақтау басты назарда тұр, – деді бекет басшысы Кенжебек Өтегенов.
Өткен жыл белкөлдіктер үшін табысты болды. Өндірістік көрсеткіштерін көтеріп, жылдық межені 104-113 пайызға жеткізген олар жоспарды асыра орындаған.
Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ,
Қызылорда
Суретті түсірген автор