«ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қанат Әлмағамбетовтің қатысуымен қозғалыс қауіпсіздігіне төнген қатердің алдын алған теміржолшыларды марапаттау рәсімі өтті. Бас жүлде локомотив шаруашылығының маманы Алмас Гимадиевке берілді.
Марапаттау салтанатында сөз алған Қанат Әлмағамбетов компания тарапынан жүргізіліп жатқан еңбек қорғау және қауіпсіздік шаралары ең алдымен қызметкерлердің денсаулығы мен өмірін сақтауға бағытталып отырғанын, мақсат ұжымдарда қолайлы жұмыс жағдайын қалыптастырып, жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы жұмыс тиімділігін арттыру екенін атап өтті.
– 2022 жылдың қорытындысы бойынша аса қауіпті жағдайлардың алдын алған компанияның 400-ге жуық қызметкері 18 млн теңге көлемінде сыйақымен марапатталды. Бас жүлде иесіне отбасымен шетелде демалуға мүмкіндік беретін 4 млн теңгелік жолдама беріліп отыр. Біз жұмысшыларға еңбек жағдайын жасамаған басшыларды және еңбек қауіпсіздігін
бұзғандарды жазалап қана қоймаймыз, қолайлы жұмыс жағдайын жасап, қауіпті жағдайлардың алдын алған теміржолшыларды ынталандырамыз, білім-біліктілігін көтереміз. Өткен жылы Компанияның 275 қызметкері қауіпсіз еңбек жағдайында жұмыс істеу, еңбек қорғау тақырыптары бойынша білімдерін жетілдірді. Мақсат – өндірістік жарақаттануды, адам шығынын, мүгедектікке әкелетін жағдайларды жүз пайызға дейін төмендету. Өкінішке орай, былтыр біз өндірісте 5 адамымызды жоғалттық, биыл да үш оқиға тіркеліп отыр. Еңбек қорғау мен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ең алдымен бірінші басшылар жауапты, – деді Қанат Есмұханұлы.
2022 жылдың жұмыс қорытындысына тоқталған Компания бас инженері Батыр Котырев өткен жыл жарақаттану жағдайында жайсыз болғанымен, ілгерілеушілік бар екенін жеткізді. Мәселен, жарақат тану деңгейінің, яғни Компаниядағы өндірістік процестер қауіпсіздігінің негізгі көрсеткіші LTIFR (жұмыс уақытын жоғалтуымен бірге тіркелген оқиғалардың жиілік коэффициенті) жалпы Компания бойынша 0,25 шекті мәнінде 0,20 құраған. Бұл өндірістік жарақаттану көрсеткішіне қатысты жағдайдың әжептәуір жақсарғанын білдіреді.
– Әрбір жарақаттану оқиғасы егжей-тегжейлі зерттеліп, түпкі себептері анықталды, бұл операциялық сипаттамамен қатар орта мерзімді түзету шараларының жиынтығын түзуге мүмкіндік берді. Ағымдағы жыл қауіпсіздік деңгейінің басқа көрсеткішін көрсетеді деген үміттеміз. Оған алғышарттар да жоқ емес, – деді Батыр Қуанышұлы.
«Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев еңбек қорғау және қауіпсіздік мәселесі кәсіподақ ұйымдарының үнемі назарында екенін, бұл мәселе Еңбек Кодексімен де қорғалғанын айта келіп, өндірістік кеңес бекіткен еңбек инспекторлары қазір барлық бөлімше, филиалдарда жұмыс істеп жатқанын алға тартты.
Айта кетейік, бас жүлде – құны 4 000 000 теңге тұратын шетелге жолдама сертификатына ие болған Алмас Гимадиев осыған дейін Екібастұз локомотив пайдалану депосында бас шебер болып еңбек еткен, жыл бойы 35 аса қауіпті жағдайды тіркеп, апаттың алдын алған. Сауатты маман биылғы қаңтардан бастап «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС локомотивтердің жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру департаментінің менеджері болып қызмет ауыстырған. Кеңесте сонымен қатар «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның еншілес ұйымдары мен өңірлік филиалдарында еңбек ететін, аса қауіпті жағдайлардың алдын алған теміржолшылар Құрмет грамотасымен қатар 8 АЕК мөлшерінде сыйақымен марапатталды.
Сұлугүл БАКЕСОВА,
Астана
Cуретті түсірген Александр ЖАБЧУК