Наурыздың алғашқы күні астанада бас қосқан ҚТЖ мен РТЖ кәсіподақшылары алғаш рет өңірлік деңгейде өзара ынтымақтастықты дамыту туралы отырыс өткізді. Жиында Ресей теміржолының «Роспрофжел» ҚБ және Қазақстан теміржолының «Қазкөліккәсіп» ҚБ арасындағы шекаралық өзара іс-қимыл мен ынтымақтастық туралы Меморандумды жүзеге асыру жайы талқыланды.
Нәтижесінде қос кәсіподақтың алдағы уақытта бірлесе атқаратын жұмыстарының Жол картасын жасауға ұсыныстар айтылды. Отырысқа қатысқан Теміржолшылар кәсіподақтары халықаралық конфедерациясының бас директоры Генадий Косолапов қазіргі таңда екі ел кәсіподақтарын дамытудың жаңа кезеңі басталып отырғанын жеткізді. Сондықтан, шекаралық кәсіподақтар деңгейінде жиын алғаш рет ұйымдастырылып отыр.
– Жоғарыда аталған меморандум былтыр маусым айында қабылданған болатын. Оның мақсаты – шекара маңы деңгейінде конфедерация кәсіподақтарының байланысын нығайту. Атап айтқанда, әлеуметтік серіктестікті дамытып, кәсіподақ мүшелерінің мүдделері мен еңбек құқықтарын, әлеуметтік-экономикалық қорғау мәселелері бойынша бірлесіп жаңа әдістер ойлап табу, еңбек қорғау және сақтау, экология саласында өзара іс-қимыл жүргізу, кәсіподақ мүшелері арасында салауатты өмір салтын насихаттау бойынша іс-шаралар ұйымдастыру, мәдени, жастар қозғалысы саласында байланысты ұлғайту. Мұның бәрі осы бағытта ақпараттар мен тәжірибе алмасу, яғни бірлескен семинарлар, дөңгелек үстелдер, конференциялар және тағы басқа іс-шаралар өткізу арқылы жүзеге асады, – деді Г. Косолапов.
«Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев ресейлік әріптестеріне қазақстандық кәсіподақтың құрылымы мен қызметі, Ұжымдық шарт ерекшеліктері және кәсіподақтың бастауыш ұйымдарының жұмыс істеу тәртібі туралы баяндап берді.
-Екі елдің теміржол кәсіподақтарында ортақ мәселелер мен тақырыптар көп. Сондықтан біз өзара ынтымақтаса отырып, кәсіподақ жұмысын дамытуды жөн көрдік. Негізгі міндет – қатарымызға кәсіподақ мүшелерін барынша көптеп тартып, және теміржол кәсіподақтарының жұмысындағы озық тәжірибемен алмасу. Сондықтан бүгінгі кездесуден күтеріміз көп. Бұл кездесуге Ресей тарапынан бізбен үнемі тығыз жұмыс жүргізетін үш шекаралық теміржол өткелінен, яғни Батыс Сібір теміржолы, Оңтүстік-Орал және Волга маңы теміржолынан кәсіподақ басшылары келді. Ал біздің тарапымыздан олармен шекарада жұмыс істейтін Атырау, Орал, Ақтөбе, Қостанай, Семей, Защита торабы теміржолынан кәсіподақ өкілдері қатысты. Әрқайсысы өз жұмысын таныстырып, өзара пікір алмасты, – дейді О.Ахметбаев.
Оңтүстік Орал теміржолы бойынша «Дорпрофжел» ҚБ Челябинск филиалының ақпараттық-ұйымдастырушылық және кадрлық жұмыстар жөніндегі жетекші маманы Валентина Челнокова өз өңіріндегі кәсіподақ жұмысымен таныстыра келе өзара ынтымақтастықты арттыруға қатысты ұсыныстарын айтты. «Дорпрофжел» ҚБ төрағасының орынбасары Олег Пилюгиннің айтуынша, шекаралық ынтымақтастықты дамыту аясында бірлескен жұмыстар алдымен спорттық іс-шаралар өткізуден басталады. Одан әрі қос елде экскурсиялар, тағы да басқа ірі шаралар өткізу көзделуде.
Қазақстан тарапынан Кәсіподақтың Батыс филиалының төрағасы Ғабит Зейпуллаұлы, кәсіподақтың Орталық кеңесінің Защита торабы бойынша төрағасы Айгүл Жайлаубаева, Орталық кеңестің Семей өңірі бойынша төрағасы Алик Досанов, кәсіподақтың Қостанай филиалының төрағасы Ғафу Несіпбаев, Павлодар филиалының төрағасы Рафаил Сабаров, Ақмола филиалының төрағасы Хазис Закирин баяндама жасады.
Отырыста Меморандумды жүзеге асыру бойынша Жол картасын әзірлеу үшін ұсыныстар қабылдау мақсатында кәсіподақ өкілдері бірнеше секцияларға бөлініп, ой-пікір алмасты. Айталық, №1 секцияға «Қазкәсіпкөлік» ҚБ-ның Ақмола, Қостанай филиалдары мен «Роспрофжел» ҚБ-ның Оңтүстік-Орал темір жолындағы аумақтық ұйымдарының өкілдері бөлінді. №2 секцияда қазақстандық Семей, Защита темір жол тораптары бойынша кәсіподақтың Павлодар филиалы мен ресейлік Батыс-Сібір теміржолы бойынша кәсіподағының аумақтық ұйымы өкілдері пікір бөлісті. Ал №3 секцияда қазақстандық Атырау өңірі бойынша кәсіподақтың Батыс филиалы мен ресейлік Волга маңы теміржолындағы аумақтық ұйымы мүшелері сөйлесті. Жол картасын дайындауға қатысты қазақстандық кәсіподақ ұсынысын «Қазкөліккәсіп» ҚБ ұйымдастырушылық жұмыстар және халықаралық қамтамасыз ету департаментінің директоры Нұрлан Нұрпейісов жеткізді. Түстен кейін барлық қатысушылар Дөңгелек үстелде қайта бас қосып, өңірлік Жол картасының жобасын ұсынды.
Райхан Рахметова
Суретті түсірген Александр Жабчук