«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС «Батыс» филиалының ұжымы Қостанай облысындағы өрттен жапа шеккен тұрғындарға көмек қолын созды.
«Батыс» филиалының кәсіподақ төрағасы Ғабит Садықов өрттен зардап шеккен көрші облысқа теміржолшылар атынан көмектесу ерікті түрде жасалғанын хабарлады. Өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының атсалысуымен миллион теңге жиналып, қаражат төтенше жағдай орын алған аймаққа жіберілген. «Қостанай өңірінде болған өрттен үй-жайы жанып кетіп далада
қалған талай отбасыны көрдік, ішінде өзіміздің теміржолшылар да бар. Көрші облыстағы ағайынға қолымыздан келгенше көмектесу ниетімен миллион теңге жинап жібердік. Айта кетсек, өңірде бірнеше гуманитарлық көмек қабылдау пункті жұмыс істеп жатыр. Теміржолшылар, әсіресе жастар тарапынан көмек жұмыстары белсенді ұйымдастырылуда», – деді Ғабит Садықов.
Ардақ ЕРУБАЕВА, Ақтөбе