Вы сейчас просматриваете ҚТЖ құрамасы – чемпион!

ҚТЖ құрамасы – чемпион!

«Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобы кәсіпорындары арасында өтетін дәстүрлі спартакиада биыл да жалғасын тапты. Тоғызыншы рет ұйымдастырылған үлкен жарыста «ҚТЖ» құрама командасы жеңімпаз болды. 11 алтын, 6 күміс, 3 қола медалін қанжығасына байлап, бірінші орынға мінберіне көтерілген теміржолшылар командасы спартакиаданың Ауыспалы кубогын жеңіп алды. Әрине, жеңіс теміржолшы спортшыларымызға оңай келген жоқ.
Өйткені Астана қаласындағы Назарбаев университетінің Атлетика орталығында «Спортқа «Иә» де!» ұранымен өткен спорттық додаға бүкіл республика аумағынан 16 құрама командаға топтасқан 1000-нан аса адам қатысты. Олар өз компанияларының қызметкерлері арасынан жарысқа түсіп, ішінен топ жарған ең мықтылары еді. Шетінен «сен тұр, мен атайын» дегендей ой салатын спортшылар 11 спорт түрінен бақ сынады. Олар: футзал, баскетбол, волейбол, арқан тарту, үстел теннисі, армрестлинг, тоғызқұмалақ, асық ату, шахмат, жүзу және киберспорт. Салауатты өмір салтын ұстануға шақырған бұл сайыс қызметкерлерге өздерінің шеберлігін, күш-жігерін, шымырлығын және командалық рухын көрсетуге тамаша мүмкіндік ұсынды.
Үш күнге созылған спартакиадада «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының теміржолшы-спортшылары қай спорттың түрінен болсын осал емес екендерін көрсетті. Шапшаңдық пен ептілікте есе жібермеуді керек ететін керемет тартысты ойынды баскетболшылар, футболшылар, волейболшылар көрсете білді. Футболшылар теңбіл допты ұршықша иіріп, қарсыластарының қақпасына бірде салса, енді бірде өздері де жіберіп алып жатты. Өкінішке орай, осы жолы қарағандылық локомотив депосынан келген теміржолшы жігіттердің футзалда қаншама тырысып бақса да, жолдары бола қоймады.
Жеңіліс тапқан олар алғашқы бестікті аяқтады. Есесіне, волейболшы қыздарымыздың ойыны көрермендерді тәнті етті. Жанкүйерлер тынбастан қиқу салумен болды. Енді ше?! Олар өздеріне қарсы келген командаларды шетінен ойсырата жеңіп, командалық рухтың қандай болатынын көрсетті. Доп соғудан да, допты қабылдап алудан да кәсібилерден кем емес шеберлік танытты. Осылайша, волейболдан әйелдер командасы бірінші орынды иеленсе, ерлер командасы үшінші орынды місе тұтты.
Келесі спорт жарысы баскетбол көрерменнің көзін қыздырып, делебесін қоздырған сайыстың бірі болды. Бір-бірінен допты алып қашып, шеңберге салуға асыққан ұзын-ұзын жігіттердің шабысынан еден шарт етіп жарылып кетердей әсер етті. Бұл жарыста ҚТЖ жігіттері Қазмұнайгаз баскетболшыларына есе жіберіп, күмістен медаль тақты. Келесі бір командалық жарыс киберспортпен байланысты болды. Мұнда да ҚТЖ-ның киберспортшылары бәсекелестері арасынан озып шығып, алтын медаль алды. Қазақтың ұлттық ойындары – асық ату және бес асық ептілік пен дәлдік, тапқырлық пен моторика шеберлігін қажет етеді. Бұл сайыста да ҚТЖ ойыншыларының асығы алшысынан түсіп, командалық жарыста топ жарып, бірінші орын мінберіне көтерілгенін айтар едік. Осылайша, ҚТЖ-ның спортшылары командалық ойында жақсы нәтижелерге жетіп, жарысқа қатысқан қарсыластарына командалық рухтың, ұйымшылдықтың жарқын үлгісін көрсете білді.
Жалқы ойындарда да теміржолшы-спортшылар жарқырай білді. Әсіресе әдемі спорттың бірі – жүзуде қыз-жігіттеріміз қоржынымызға 2 алтын, 1 күміс, 1 қола салып, керемет нәтиже көрсетті. Мәселен, ерлер арасындағы жүзуден Константин Лимеренко (40 жасқа дейін), Геннадий Гордиенко (40 жастан жоғары) алтын медаль иегерлері атанса, оңай шағылатын жаңғақ емес екендерін Анель Жеңісқызы (40 жасқа дейін) күміс медаль ұтып алып, ал Татьяна Алимина (40 жастан жоғары) қоладан медаль тағып, көрсетті. Даналық пен сабырлық, көрегенділік пен тапқырлықты қажет ететін стратег ойындар санатындағы шахмат, тоғызқұмалақ сынды спорт түрлерінен 3 алтынды ҚТЖ қоржынына шахматтан Дәурен Сурабалдинов пен Гүлжан Аманова, тоғызқұмалақтан Али Исабеков, ал күмісті Еркебұлан Тағыбергенов сыйлады.
Бұл спартакиада да теміржолшы қыз-жігіттер үстел теннисінен де мықты екендерін мойындата білді. Роман Халилов қарсыластарына қамшы салдырмастан бірінші орынды жеңіп алса, Ленара Смайлова екінші, ал Әлия Жанпейісова үшінші орынды иеленді. Қара күш пен шымырлықты қажет ететін қол күресі теміржолшылардың сүйікті сайыстарының бірі десек болады. Бұл жарыстан әлем чемпионы атанған қыздарымыз да бар. Ол Алла Штрошеррер болатын. Бірақ бұл жолы Алланың асығы алшысынан түспеді. Енді мүлдем түспеді деуге болмас. Бұрын-соңды жеңісті қолдан бермей жүрген Алла Штрошеррер бұл жолғы спартакиадада 65 келіден жоғары салмақтағы әйелдер қол күресі арасында екінші орынды еншілесе, 65 келіге дейінгілер арасында Сымбат Несіп оң және сол қол бойынша армрестлинг жарысында қарсыластарын таза жеңіп, чемпион атанды. Ал ерлер арасындағы армрестлинг жарысында 80 келіден жоғары салмақта Жәнібек Кенжебаев қарсыластарынан басым түсіп, алтын медальді олжаласа, 80 келіге дейінгі ерлер қол күресінде Нұржан Сағидоллинов күмісті еншіледі.
Спартакиаданың ашылу барысында сөз алған «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов спорт мерекесінің аясында «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының қызметкерлері тек жарысып қана қоймай, қайырымдылыққа да үлес қосатынын, кеш барысында жиналған қаражат мектептерде инклюзивті кабинеттер ашуға бағытталатынын атап өтті. Сонымен қатар іс-шара аясында қатысушылар «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына да қолдау білдірді.
Сұлугүл Бакесова