ҚТЖ балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлады

Балаларды қорғау күніне орай Астанадағы ҚТЖ-ның бас ғимаратында теміржолшылардың балаларына арналған мерекелік шара өтті.
Бүгін компанияның әлеуметтік саясат департаментінің ұйымдастыруымен «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның бас ғимаратында жұмыс істейтін қызметкерлердің балаларына арналған мерекелік шара болды.
Балдырғандар үшін үрмелі батут тігіліп, арнайы сахна қойылды. Бірі секіріп ойнап жүрсе, тағы бірі ән айтып, би биледі. Оған қоса «Балауса – болашақ» сурет байқауының қорытындысы шықты.
Сондай-ақ Көпфункционалды қызмет көрсету орталығы қызметкерлерінің балаларына арналған «Көңілді старт» эстафеталық жарыс өтті. Шара барысында балалар жас мөлшеріне қарай төрт командаға бөлініп, эстафеталық ойындар бойынша бақ сынасты.
Көңілді стартты ұйымдастырып, балалаларға мерекелік көңіл-күй сыйлауға мұрындық болған Көпфункционалды қызмет көрсету орталығы кәсіподағының төрағасы Күлаш Даньярова мерекелік шараға 60 бала қатысқанын айтты.
«Былтыр Балаларды қорғау күніне орай осындай шара өткізгенбіз, ол кезде 40 бала қатысты және олар ойынның қатты ұнағанын айтып, келесі жылы қайталауымызды өтінген еді. Сондықтан биыл тағы да 7-13 жастағы балалар арасында ұйымдастырдық», – дейді шараны ұйымдастырушы К. Даньярова.
Ойын барысында түрлі кедергілерден секірген балалар бірі құлап жатса, тағы бірі сүрініп болсын финишқа жетіп жатты. Ойын сонысымен де қызықты, тартымды бола түсті. Бастысы балалар шаттана күліп, жақсы көңіл-күймен үйлеріне қайтты.
«Бүгінгі ойыннан адреналин алдым десем артық емес. Ойындар қатты ұнады. Командамызбен ауызбіршілікте жақсы жұмыс істей білдік. Мұндай шаралар алдағы уақытта өтетін болса тағы да қатысар едім», – дейді ойынға қатысушы Тоғжан Қуаныш.
Мерекелік шараға қатысқан тағы бір қызымыз Еркеназ Баданбекова ойын керемет көңіл-күй сыйлағанын жеткізді.
«Ұйымдастырушыларға, ҚТЖ-ға осындай мерекелік шара үшін көп рахмет. Ойындардың барлығы ұнады. Қаппен секіру кезінде көбіміз шалынып құладық, сондықтан кішкене қобалжыдым. Жалпы ойындардың барлығы қызықты өтті», – дейді Е. Баданбекова.
Ойын соңында кәсіподақ атынан балаларға сыйлықтар, тәттілер мен сусындар үйлестірілді.
Әділет Мұсахаев