Бейнеу станциясында Компания басшылығы Маңғыстау вагон пайдалану депосының техникалық байқау пункті мен жол дистанциясын аралады. Кәсіпорын ұжымдарымен кездесулер өткізілді, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Кәсіпорындарға келіп түскен жаңа техникалар мен шағын механикаландыру құралдары тексерілді. Жұмысшылар белсенді жаңарту жүргізіліп жатқанын жоққа шығармады. Бірақ сонымен бірге домкраттардың сапасы мен кейбір қосалқы бөлшектерді жеткізу және автокөліктерге қызмет көрсету қажеттілігі туралы мәселе көтерілді. Басқа кәсіпорындарда да осындай мәселелер туындауына байланысты домкраттарды ауыстырып, осы жабдықты жеткізушілерді де ауыстыру мәселесін қарастыру тапсырылды.
Теміржолшыларды толғандырып жүрген еңбек жағдайлары, арнайы киім-кешек, еңбекақы, ұжымдық шарт тармақтарының орындалуы туралы мәселелер жан-жақты талқыланды.
Компания басшылығы жұмысшылардың жұмыс киімінің сапасына қатысты пікірлеріне қолдау көрсетті. Мердігер ұйымдармен еңбек ұжымдарын қатыстыра отырып тиісті жұмыстар жүргізу тапсырылды.
Барлық мәселелер ерекше бақылауға алынған.