ҚТЖ жұмысшыларын сапалы да қауіпсіз киіммен қамтамасыз етіп отыр

Еліміздегі ең ірі жұмыс беруші «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы өндірістік қауіпсіздік пен еңбек қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл мәселеде маңыздысы теміржолшылардың сапалы арнайы киіммен қамтамасыз етілуі.
Сала мамандарының сөзіне сүйенсек, ұлттық компания жеткізушіге тапсырыс берер алдында арнайы киімдердің еңбеккерлердің қызметіне қарай лайықты болуын басты назарға алып, сәйкесінше осы қатаң талаптар тізілген тізімді ұсынады екен. Яғни теміржолшыларға арналған арнайы киімдер барлық қажетті пайдалану талаптарына жауап берулері тиіс, тозуға, аязға және ыстыққа төзімді болумен қатар адам терісіне залал келтірмеуі, жұмыс барысында қолайлы әрі емін-еркін тыныс алуға кедергі жасамаулары керек. Қысқасы, компания озық халықаралық стандарттардың барлығының орындалуына мүдделілік танытады.
«Теміржолшылардың арнайы киімі жалпы өндірістік ластану мен механикалық әсерлерден, сондай-ақ адам өмірі мен денсаулығына қауіпті химиялық заттар, электростатикалық зарядтар, тағысын тағы зиянды дүниелерден қорғау керек. Тағы бір атап өтерлігі, ҚТЖ компаниясының танымалдылығын арттыратын брендті ілгерілету мен корпоративтік стильдің сақталуы аса маңызды», – дейді Магистральдық желі дирекциясына қарасты Материалдық база департаментінің менеджері Рустам Төкенов.
Оның айтуынша, ҚР Еңбек кодексіне сәйкес өндірісте еңбек ететін жұмысшыларға арнайы киім, аяқ киім және жеке қорғану құралдары жұмыс беруші компания тарапынан сатып алынады.
Ал арнайы киім, аяқ киім және жеке қорғану құралдарын сатып алу іс-шарасы қалайша жүзеге асырылады дейтін болсақ, алдымен олар тиісті материалдық базаларға келіп түседі екен. Оларды қабылдау үшін жергілікті жерлерде еңбек қорғау және қауіпсіздік қызметі мен кәсіподақ комитетінің өкілдерінен комиссия құралады. Өз кезегінде комиссия сәйкестік сертификатының, сынақ актісі мен өзге де нормативтік құжаттардың міндетті түрде болуын тексереді. Әрбір жиынтықта мөрленіп, бекітілген киім үлгісі болады.
Мамандардың айтуынша, арнайы киімнің сапасын жақсарту үшін ұлттық компания жыл сайын еңбеккерлер арасында сауалнама жүргізіп, оның нәтижесі бойынша сындарлы ескертулер мен ұсыныстарды қабылдап келеді.
– Еңбек қорғау – тұрақты аттестацияны, нұсқама өткізуді, еңбек қызметінде қорғану әдістері мен тәсілдерін оқытуды талап ететін үлкен кешенді іс-шара. Сондықтан арнайы киім, аяқ киім және жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз ету барысында қауіпсіз еңбектің ұйымдастырылуын ескеру міндетті компоненттің бірі. Мұның бәрі өндірістік апаттар мен жазатайым оқиғалардың алдын алуға бағытталып отыр, – дейді Семей материалдық-техникалық базасының басшысы Е.Чукеев.