Бүкіл өмірін темір жол саласына, соның ішінде бір ғана мамандыққа арнаған жандар бар. Солардың бірі – Рахымбердиев Жамбыл Оразғалиұлы. Ол 43 жыл Атырау станциясында пойыз құрастырушы болып еңбек етіп келеді.
Теміржол саласында түрлі мамандық бар. Алайда, соның ішінде қозғалыспен тікелей байланысты жұмыс істейтін қатерлі де қауіпті пойыз құрастырушының еңбегі ерекше.
– Әрине пойыз құрастырушы болу оңай емес. Шыдам керек. Екі шоқып, бір қарайтын сақтық керек. Өйткені қысы-жазы, ыстықта да, суықта да, қарда да, жауында да күн-түн демей далада жүресің. Бір вагондарды ажыратып, екіншілерін жалғап, маневрлік локомотивпен бірлесе сұрыптап, орын-орнына қою, сосын діттеген жеріне жіберу керек. Ең бастысы пойыздар тұрмауы қажет. Жұмысқа кіріскен сәттен бастап 12 сағаттық ауысым бойына иіліп-бүгіліп, екі аяғыңмен шауып жүріп пойыздарға қызмет етесің. Ол – сенің міндетің, – дейді тәжірибелі пойыз құрастырушы.
Айтуынша, осы қырық жыл еңбек жолында қиындыққа шыдамай кетіп қалғандар да көп болған, қауіп-қатері басым салада абайсызда майып болғандар да аз болмапты…
Гурьев қаласында теміржолшылар отбасында дүниеге келген кейіпкеріміздің әкесі Оразғали мен анасы Кештуған да вагон депосында еңбек етіп, сол жерден зейнетке шыққан жандар. Яғни бүкіл өмірін темір жолға сарп еткендер. Жамбыл да мектеп бітірген соң вагон депосына эпикировщик болып жұмысқа тұрады, міндеті – вагондарды сумен қамтамасыз ету. Екі жыл Отан алдындағы борышын өтеп келген соң депоға вагон жөндеуші болып орналасады. Көп ұзамай Гурьев-2 станциясына пойыз құрастырушы болып ауысады. Міне, содан бері 43 жыл өте шығыпты…
Темір жолда бұрыннан қалыптасқан жартылай әскери тәртіп бар, теміржолшылар соған бағынады. Кезінде өзіне ұстаз болған әріптес ағалары «темір сынса алмастыруға болады, ал адам өміріне ештеңе жетпейді. Сондықтан қауіпсіздікке талап қатаң» деп үйреткен. Ең алғашқы ұстазы пойыз құрастырушы, бүгінде зейнеткер Қуанов Бағытжан ағаға деген құрметі ерекше. Жұмыстың қыр-сырына, тәртіпке, қауіпсіздікке үйреткен сол. Бозанов Хасан, Сұлтанов Алдаберген атты әріптестері де есінде.
– Ол кезде пойыз көп болатын, тәулігіне ондаған пойыз келіпкетіп жатады. Сонда да үлгеріп жатамыз. Әрі жаспыз, әрі денсаулық та бар. Темір жолды кесіп өтем деп пойызға басылғандарды да талай көрдік. Ал өзіміз жұмысты адал жасап, нанымызды да адал жеуге тырыстық. Былтырдан бері пойыз құрастырушылардың жалақысы едәуір өсті, біз болмашы жалақыға да осынша жыл еңбек еттік. Теміржолшы отбасынан шыққан соң ақшасынан гөрі беделіне нұқсан келмеуін ойладық, – дейді Жамбыл аға.
Ол туралы станция бастығы Алтай Көбегеновтің да пікірі жоғары. Сәл күнде қырық жылға созылған еңбек жолын тәмамдап, зейнетке шыққалы отырған тәжірибелі пойыз құрастырушыны ұжымы қимай-қимай шығарып салмақ.
Жамбыл Оразғалиұлының аға-апалары Сәрсенбай, Құдайберген, Өсила, Алмаш, Ақкенже – бәрі де теміржолда еңбек еткен. Тұтас бір отбасы теміржолшылар әулетін құрап отыр. Жары Гүлмира да жолсеріктер резервінде еңбек еткен. Ұлы Есенғұл бүгінде Атырау станциясында дөңес кезекшісі болып әке жолын жалғастыруда.
Қосұйым Мұқашев