Қызылордада бильярдтан сайыс өтті

Қызылорда станциясында «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасы Кубогына бильярдтан жартылай финал туры өткізілді. Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі турда финалдық жолдаманы Сексеуіл локомотив пайдалану депосының машинисі мен Сексеуіл жол дистанциясының жолшысы еншіледі.
Бұған дейін аймақтағы тораптық станцияларда іріктеу турын өткізіп, сол турнирлердің жеңімпаздары бас қосқан жартылай финалдық тур олимпиадалық жүйемен өткізіліп, үміткерлер жолдаманы иеленуге күш салды. Дегенмен, бақ шаба ма, бап шаба ма демекші, бұл жылдың жолдамасын тастаяқтан шеберліктің шыңына шыққан сексеуілдік екі теміржолшы ұтып алды. Жол дистанциясының қызметкері Аманжол Құлжановқа 2-орын, локомотив депосының машинисі Асылбек Мектеев 1-орынға ие болды. Ал Қызылорда қосалқы бөлімінің инженері Талғат Сыздықовқа жүлделі 3-орын бұйырды.
– Қазір бұл спорт түрі аймақ теміржолшылары арасында шағын футбол, волейбол секілді кең таралған. Бірлестік төрағасының кубогы үшін іріктеу ойындары басталғалы салауаттылық пен сергектікті серік еткен теміржолшыларымыздың бильярдқа деген құштарлығы арта түсті. Бүгінгі жартылай финалдық турға 8 ойыншы қатысты, бильярдтың комбинирлі пирамидалық жүйесінің тәртібіне сай алғашқы сегіз шарды нысанаға дөп түсірген ойыншы ойынның келесі сатысына көтеріледі. Шеберлігі мен тактикалық тәсілдері арқылы айлаларын асырған сексеуілдіктер жеңіске жетті, – деді кәсіподақ ұйымының төрағасы Мұхтар Көпірбаев.
Жүлдегерлерге диплом мен кубок табысталды. Дархан Биманов, Бақыт Иманалиев, Мейрамбек Ағасылов сынды ойыншылар да сый-сияпатсыз қалмады.
Сабырхан Сейілбекұлы