Жамбыл белгі беру және байланыс дистанциясының байланыс электромеханигі Айгүл Керімбаева – өз жұмысына
деген жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп жүрген жан. Сондықтан оны қауіпсіздік және еңбекті қорғау инспекторы
етіп сайлаған.
Биылғы теміржолшылар күні қарсаңында Айгүл Борисқызы «Үздік инспектор» төсбелгісімен марапатталды. Кейіпкеріміз 15 жыл бойы бір кәсіпорында еңбек етіп келеді, кәсіподақ ұйымының белсенді мүшесі.
– Менің «Үздік инспектор» атануымның пәлендей құпиясы жоқ. Қоғамдық инспектор ретінде өндірісті жіті қадағалап, ақаулы апатты жағдайлардың алдын алуға барынша атсалысып жүремін. Ал кәсіподақ ұйымы тарапынан болып жатқан бастамаларға әрдайым қолдау көрсетіп, қоғамдық жұмыстардың ортасынан табылуды өзімнің азаматтық парызым санаймын. «Жақсылықтың ірісі, майдасы, айласы болмайды» деген ғой.
Біздің ұжым қайырымдылық шаралардың ортасында жүреді, қиындыққа ұшыраған әріптестеріміз болса, дереу ортадан ақша шығарып, көмек қолын созуға ұмтыламыз. Айтулы күндер мен кәсіби мерекелерде ардагерлерімізді ұмытпай, сыйлап көңілдерін көтеруге тырысамыз. Бүгінде кәсіпорында өндірістік жарақат алған үш мүгедек бар, екеуіне кәсіпорыннан арнайы жәрдемақы төленеді. Алайда, Әнуарбек Тілендиев алған жарақатынан қайтыс болып, көмек оның сол кезде кәмелет жасына толмай жетім қалған қызына көрсетілді. Ол қыз бүгінде студент. Мен өз тарапымнан оның өзіне тиесілі барлық көмекті алып, жеңілдікті пайдалануын қадағалап отырмын, бұл – біздің әріптес алдындағы парызымыз, – дейді Айгүл Борисқызы.
Ерман ӘБДИЕВ,
Тараз
Суретті түсірген автор