Маңғыстау қосалқы бөлімінде еңбек қорғау күніне арнайы семинар өтіп, соңы осы бағытта ұйымдастырылған байқауларда топ жарған үздіктерді марапаттауға ұласты.
Жиында еңбек қорғау, жұмыстағы қауіпсіздікті сақтау, қоғамдық инспекторлар жұмысы мен олардың міндетін атқаруға кедергі келтіретін мәселелер көтерілді. Маңғыстау қосалқы бөлімі басшысының орынбасары – бас инженер Қарақат Жақанов еңбек талаптары сөзсіз орындалу керек, дегенмен адам құндылығы, оның қауіпсіздігін ешқашан ұмытпау қажет деді. Сондай-ақ, қосалқы бөлімде өткен жыл және биылғы жылдың бірінші тоқсанында өндірістік жарақат алу деректері тіркелмегені, демек, еңбек қорғау мәселесіне жеткілікті көңіл бөлініп отырғаны айтылды.
Қазақстан теміржолшылары кәсіби одағының өңірдегі өкілі Әзірбай Тұрмағанбетов Маңғыстау жүк тасымалы бөлімі бойынша құрылған өндірістік кеңестің жұмысы туралы баяндады. Айтуынша, қазір бөлім бойынша 10 техникалық инспектор қызмет етеді. Олардың қатары осы жылы ақпанда жаңа құраммен толыққан. Аталған техникалық инспекторлардың төртеуі биыл жыл басынан бері оқытылып, біліктілігін арттырған. Қалғанын екінші тоқсан соңына дейін оқыту жоспарланған.
– Еңбек қауіпсіздігін қорғау саласында басшылардың, сала мамандарының біліктілігін тексеру, оларды оқыту, арнайы сертификат алу шаралары, оған жұмсалатын қаржы көздері ұжымдық шартпен айқындалып, нақты орындалып отыруы тиіс. Бірінші кезекте сала бойынша нұсқамалық ережелер жасау, онымен таныстыру – мекеме басшысының міндеті. Адам құқығы, оның қорғалуы жөнінде әрбір мекеме басшысы қатаң тәртіп орнатып, қауіпсіздік шараларының бұзылуына жол бермеуі қажет, – деді кәсіподақ өкілі өз сөзінде.
Семинар еңбек қорғау күніне орай өткен байқауларда сыннан сүрінбей өткендерді марапаттаумен аяқталды.
Шахида Жуман, Маңғыстау
Суретті түсірген автор