Астана вагон пайдалану депосының вагон қараушылары ұлттық спорттан жарыс өткізді. Кәсіподақтың ұйымдастыруымен өткен сайыс Қазақ темір жолының 120 жылдығына арналды.
Вагон шаруашылығының 70 жұмысшысы қатысқан жарыста асық ату, арқан тарту, кір тасын көтеру сынды ептілік пен ерік-күш сынға түскен сайыс түрлеріне кезек беріліп, жүлделі орын алған 26 адам арнайы марапаттар мен бағалы сыйлықтарға ие болды. Сонымен қатар осы іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқан теміржолшыларға да ынталандыру сыйлықтары берілді.
– Жарысқа біздің депоның жанжақтағы қосындарынан келген вагоншылар қатысып жатыр. Атап айтқанда, Нұрлы жол, Атбасар станцияларынан, бас парктен және басқа станцияларды қоса алғанда барлығы 5 техникалық қызмет көрсету қосынынан вагон қараушылар келді, олардың осындай жарыстарға қатысуда белсенділігі өте жоғары.
Балғамен вагон доңғалақтарын күн сайын тексеріп жүрген қара күш иелерін спортпен біте қайнасқан десек болғандай, – дейді депо кәсіподағының төрағасы Ұбай Хафизұлы.
Осындай жарыстарға белсенді қатысатын вагон қараушы Нұрмұхаммед Ниязбаев талай рет депоның намысын қорғап, спорттық жарыстардан жүлде алып жүр. Вагон шаруашылығы саласына келгеніне 2 жылдай болған ол жақында кір тасын көтеруден өткен жарыста үшінші орын алды.
Бұл жолы да белсенді жігіт спорттық шараның бел ортасынан табылуда.
Ал депоішілік жарыста кір тасын көтеруден бірінші орын алған вагон жөндеуші Таңат Ақылжанұлы теміржолда 18 жылдан бері еңбек етеді. Ол 24 және 16 келілік кір тасын көтеруден де, командамен арқан тартудан да жүлделі орыннан көрінді.
– Кір тасын көтеруден бәрімізге 1 минут уақыт берілді. Соның ішінде кім көп көтерді, сол жеңімпаз болды.
Мен 60 реттен аса көтердім. Бала кезден волейбол, ауыр атлетика жағына бейім болдым. Шаңғы тебуге де әуестігім бар. Жалпы, спорттың қай түрі болса да айналысқанға не жетсін, – дейді жеңімпаз Таңат.
Асық атудан да кіл шеберлер жиналған екен, арқан тартудан білекті жігіттер қатарында жоғарыда аты аталған жеңімпаздар мұнда да көзге түсті. Жарыс соңы концерттік бағдарламаға ұласып, баршаға мерекелік көңіл күй сыйлады.
Ұлан ОРАЗ,
Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК