20 сәуір күні «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның бас ғимаратында «ҰмтылFest» спорттық іс-шарасының кезекті іріктеу сайысы өтті. Бұл жолы теміржолшылардан құралған «Дружба», «Алаш» және «Қайсар» командалары бақ сынасып, кім мықтыны анықтады.
Теміржолшылар арасында өтіп жатқан «ҰмтылFest» спорттық шарасы дәстүрлі сайысқа айналды десек болады. Осымен үшінші рет өткізіліп отырған шараға теміржолшылар үлкен ықылас білдіріп, қуана қатысуда.
Шараның ашылу рәсімінде «Қазақстан теміржолшысы» газетінің бас редакторы Дина Муздубаева қатысушыларға ізгі тілегін білдіріп, сәттілік тіледі. Сондай-ақ ол кісі әділқазылар құрамында болып, ойынды бастан аяқ жіті бақылап отырды.
Сайыстың шарты бойынша спортшылар үш іріктеу сайыстан өтеді. Әр кезеңде жеңіске жеткен команда финалға жолдама алады. Әр іріктеу сайысында 10 адамнан тұратын үш команда жарыс жолына шығады. Сайысқа барлығы 90 теміржолшы қатысуда, олардың басым көпшілігі спортты серік еткен жандар. Іріктеу сайысының бірінші кезеңі филиалдар арасында өтсе, осы жолы еншілес ұйымдардың қызметкерлері арасында болды.
Ойынның басты талабы қатысушы ұйымдар жеке команда ретінде қатыса алмайды, команда жалпы қатысушылар арасынан іріктеледі, яғни рандомды ереже бойынша түзіледі. Бұл әр бөлімнің қызметкерлері бір-бірімен білісіп, жақсы қарым-қатынас қалыптастыра білуі үшін жасалып отыр.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның әлеуметтік-саясат департаментінің менеджері Ержан Жаналиев биылғы сайыстың өзіндік ерекшелігі барын жеткізді.
«Биылғы ойынның өзгешелігі – үшінші кезеңге «Самұрық-Қазына» Қорына кіретін өзге компаниялардың белсенді жастары қонақ ретінде қатысады. Ойынның басты мақсаты – жақсы әсер алып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлау және қызметкерлердің бір-бірімен байланыс орнатуына жағдай жасау», – дейді Е. Жаналиев.
Қызықты да, тартысты өткен эстафеталық ойын барысында Дружба командасы о бастан өздерінің мықтылықтарын көрсетіп, жоғары ұпаймен жеңімпаз атанды.
Ойынның қорытындысы:
Дружба – 89 ұпай;
Алаш – 87,5 ұпай;
Қайсар 86,5 ұпай.
Жеңіске жеткен Дружба командасының капитаны Бауыржан Сәбитұлы жоғары ұпай жинауға команда мүшелерінің ұйымшылдығы себеп болғанын айтады.
«Бүгінгі сайыс өтке тартысты өтті. Барлығымыз бір-бірімізді бұрыннан көрмесек те бір адамдай атсалыстық. Маған ұнағаны командамыз ұйымшыл болды әрі бәрі жеңіске жетуіміз керек деген қалаумен келді. Соның арқасында біз жеңімпаз атандық. Осындай әдемі көңіл-күй сыйлаған сайыстың ұйымдастырушыларына алғыс айтамын», – дейді команда капитаны.
Ойынның келесі іріктеу кезеңі сәуірдің 27 күні өтеді.
Әділет Мұсахаев