Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының ұжымы ҰОС ардагері Төлеген Жүнісовті 100 жасқа толған туған күнімен құттықтап, батасын алды.
Дистанция бастығының орынбасары Берік Рзалиев пен кәсіподақ ұйымының төрайымы Ғалия Қожахметова бастаған топ арнайы дайындаған сыйсияпаттарын алып, ат-шапандарын арқалап, жеміс-жидек себеттерін көтеріп ғасыр жасаған қарияның үйіне келді. Бала-шаға, немере-шөбересінің ортасында елдің амандығын тілеп отырған батагөй қария жас әріптестерін қуана қарсы алды. Жұмыстың жайын сұрап, жаңалықтарын тыңдаған соң өз жағдайының жаман емесін, бала-шағаның қамқорлығында, уайымсыз отырғанын білдіріп, шүкіршілігін айтты.
– Көзі тірі жалғыз соғыс ардагеріміз Төлеген Жүнісов қарияны жыл сайын арнайы келіп құттықтап, батасын аламыз.
Ардагеріміздің хал-ахуалын біліп, мүмкіндігімізше көмек беріп отырмыз, – деді дистанция бастығының орынбасары Берік Рзалиев.
«Қазкөліккәсіп» ҚБ Қызылорда филиалы атынан Қызылорда қосалқы бөлімінің кәсіподақ ұйымы төрағасы Мұхтар Көпірбаев мерейтой иесіне қаржылай сыйлық тапсырса, аймақтағы теміржолшы ардагерлер кеңесінің төрағасы Сисен Шермаханов «ҚТЖ» ардагерлері орталық кеңесінің төрағасы Б.Дүйсемалиевтің Алғыс хатын табыстады.
Екінің бірі жете бермейтін ғұмыр кешкен Төлеген қария 1923 жылы Тереңөзек ауданының Жаңалық ауылында дүниеге келіпті. Сұрапыл соғысқа аттанып, қан майданды бастан кешкен жауынгер Берлинге дейін барған.
«I дәрежелі Ұлы Отан соғысы», «Германияны жеңгені үшін», «За боевые заслуги» және «За отвагу», т.б. наградаларымен марапатталған. Төлеген қария 1983 жылы зейнет демалысына шыққанға дейін Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясында еңбек еткен.
Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ,
Қызылорда
Суретті түсірген автор