Әулиеатаға теміржол қалай келді?

Биыл Қазақстан темір жолы айтулы датаны атап өтуде. Осыған орай барлық өңір теміржол тарихының деректерін жинап, 120 жылдың шежіресін жасауға өз үлестерін қосуда. Алғашқы теміржол желісі Әулиеата жерінде осыдан бір ғасырдан астам бұрын келген.
Деректерге сүйенсек, Жамбыл өңіріне теміржол желісі 1920 жылы қараша айында жеткені көрсетілген. Бұл – Арыс-Пішпек теміржолының қазіргі Тараз қаласына кірген жылы. Ал кейбір мәліметтерде 1912 жылдың сәуірінде патша үкіметі Арыс-Пішпек теміржолын салу туралы банкирлер мен кәсіпкерлердің бастамасын мақұлдап, шойын жолдың құрылысы Арыс-Шымкент-Түлкібастан өтіп, 1917 жылы Боранды бекетіне келіп тоқтап қалғаны айтылады.
Тарихқа көз жіберсек, бұл құрылысты орыс капиталисі А.И.Путилов пен теміржол кәсіпкері Н.А.Бунге басқарған. Ал жұмыс 1914 жылдың 15 шілдесінде басталады.
Алайда құрылыс жұмыстары баяу жүріп, бір жылдан астам уақытта теміржол желісі Арыс станциясынан Шымкентке дейін ғана жеткен. 1916 жылдың қаңтарында Манкент станциясына дейін, ал тамызда №9 разъезге дейін жүргізілді. Дәл осы жол құрылысын салуға тұңғыш қазақ теміржолшы-инженері Мұхаметжан Тынышпаев қатысқан .
– Теміржол желісі 1917 жылы Бурное станциясына жеткенде тоқтап қалған. Негізгі жұмыстарға Борандыдағы жерасты өткелі біраз кедергі келтірген көрінеді. Міне, осыған байланысты Арыс-Пішпек бағытындағы теміржол құрылысы қазіргі Тараз қаласына 1920 жылы ғана жеткен, – дейді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС «Жамбыл жүк тасымалы бөлімшесі» филиалы ардагерлер кеңесінің төрағасы Бауыржан Найманбаев.
Әрі қарай шығысқа бағыт алған теміржол желісі қырғыз асып, Пішпек станциясы 1924 жылы ашылады. Қырғыз теміржолы тарихында Пішпекке алғашқы пойыз 1924 жылы 8 тамызда келді деп көрсетіледі.
– Биыл осы Тараз-Бішкек бағытындағы теміржол желісінің іске қосылғанына 100 жыл толып отыр. Көршілес ел бұл датаны атап өтуге дайындалуда. Мерейтойға біздің өңірден де делегаттар барып қатысады деп жоспарлануда, – деп тарихтан сыр шерткен ардагер теміржолшы Жамбыл өңіріндегі Қазақстан темір жолының 120 жылдығына орай жүргізіліп жатқан дайындық іс-шаралары туралы да мәлімет берді. Айтуынша, қазір Жамбыл бөлімшесі ұзақ жыл теміржолда еңбек еткен ардагерлермен сөйлесіп, деректер жинап жатыр екен. Өңірде атадан балаға жалғасып, бірнеше буын ұрпағы теміржолда еңбек етіп келе жатқан әулеттер бар. Қазір соларды анықтап, тұтас буынның еңбек жылдарының жалпы жиынтығы есептеліп, тізімі жасалып жатқан көрінеді.
– Жалпы қазақ жеріне келген теміржолдың тарихы 1001-0904 жылдары тартылған «Орынбор-Ташкент» теміржолынан бастау алады. Арысқа дейін келіп, әрі қарай Ташкентке бұрылған ол жол бізге жетпеген. Былтыр Мойынты – Шу теміржол желісінің 70 жылдығын атап өттік. Ал әйгілі Түрксібке биыл 93 жыл толып отыр, бұл магистральдардың қай-қайсысы да әлі күнге қазақ еліне қызмет етіп келеді, – дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы.