Вы сейчас просматриваете ӨЗ САЛАСЫНЫҢ КӘСІБИ МАМАНЫ!

ӨЗ САЛАСЫНЫҢ КӘСІБИ МАМАНЫ!

Темір жолдың барлық саласында ерлермен қатар табысты еңбек етіп жүрген әйелдер аз емес. Десек те, соның ішінде вагон шаруашылығын таңдайтын нәзік жан иелері сирек. Күні кеше бүкіл саналы ғұмырын темір жолға, соның ішінде вагон шаруашылығына арнаған кәсіби маман Рахима Дайырованы әріптестері ерекше сый-құрметпен зейнет демалысына шығарып салды.

«ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ вагон шаруашылығы департаментінің бөлім бастығы Рахима Сәлімгерейқызына (Омарова)
департамент басшылығы мен әріптестері көп жылдық адал еңбегі мен темір жолды дамытуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді. Салада 30 жылдан астам уақыт талмай, қажымай, табанды еңбек еткен оның ақыл-парасаты мен білімі, жұмысқа деген қабілеті мен жауапкершілігін әріптестері өте жоғары бағалайды.

Теміржолшылар отбасында дүниеге келген оның әкесі Дайыр Омаров – Ұлы Отан соғысының ардагері, соғыстан кейін 40 жыл Целиноград станциясында жүк қабылдап-жөнелтуші болып жұмыс істеген. Ал анасы Сәруар ұзақ жыл осы станцияда вагон жөндеуші болып еңбек еткен. Қызының осы жолға келуіне анасының ықпалы зор болған. Анасының жұмысымен бала кезінен жақсы таныс Рахима болашақта теміржолшы болатынын сол кезде-ақ нақты шешіп қойған еді.

Теміржол саласында жоғары білім алған кейіпкеріміз 1986 жылы жолдамамен Тобыл станциясына барып, еңбек жолын Құсмұрын вагон депосында бастайды. Мұнда вагондарды ағытып жөндеу цехының бригадирі болды. Сосын Целиноград станциясында дөңгелек жөндеу цехының шебері болып жұмыс істеді. Пойыздар қозғалысының қауіпсіздігіне тікелей қатысы бар салада ерлермен бірдей еңбек етіп, мол тәжірибе жинап шыңдалды. Ол кезде ұжымда негізінен ер азаматтар еңбек ететін, бірақ Рахима Дайырова олардан бір мысқыл да кейін қалмай, барлық көрсеткіштер бойынша жоғары нәтижеге қол жеткізді.
– Мен үшін жұмыс күні таңғы сағат 7-де басталатын. Цехқа ертерек келіп, сол күннің жұмыс көлемін бөліп, дайындап қоямын. Дегенмен менің қасымда үнемі мені қолдайтын тәлімгерлерім болды. Ұжымның қолдауы және қамқорлығын көп көрдім және сездім, – дейді Рахима Сәлімгерейқызы.

Бірнеше жылдан соң еңбек қорғау жөніндегі инженер болды. Әріптестерінің айтуынша, еңбекқорлық, мақсатшылдық, әрбір жанмен тіл табыса білу – Рахима Дайырованың бойындағы ерекше қасиеттер. Жұмысын үнемі жүйелі, тиімді жоспарлап, реттеп отырады. Ал басшылық оны вагон шаруашылығына үлес қосқан мықты маман ретінде жоғары бағалайды. Ол өз саласының нағыз майталманы, кәсіби маман болды дегенді бірауыздан мойындайды.
Оны қимастықпен зейнет демалысына шығарып салған әріптестері мен басшылық құрам ұзақ жылғы адал еңбегі үшін зор алғыс айтып, алдағы өміріне тек сәттілік серік болсын деген тілек білдірді.

– Бүгін мен жанымның бір бөлшегін темір жолда қалдырып бара жатқандаймын. Еңбек жолымда кездескен, менімен әріптес болған жандардың бәріне де алғысым мен құрметім шексіз, бәрін де жақсы көремін, баршаңызға денсаулық, еңбекте табыс тілеймін, – деп қоштасты әріптестерімен кейіпкеріміз.

Жары Ринатпен екі қыз тәрбиелеп өсірген Рахима Сәлімгерейқызы – теміржолшылар отбасының қызы ғана емес, 400 жылдық тарихы бар теміржолшылар әулетінің келіні.

Источник


Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК