Темір жолда жас та болса бас болып, құрылымдық бөлімшелердің басшылығына тартылып жатқан жастар көп. Олар компанияның жастар саясаты бойынша жұмыстарына да белсенді араласады. Солардың бірі – «ҚТЖ-100 жас есім» жобасына қатысқан, 2021 жылы «Үздік басшы» төсбелгісін алған Ағадыр электрмен жабдықтау дистанциясының директоры Нұрсұлтан Бурлинов.
Өткен аптада оны біз «Достық – Мойынты» телімінің екінші теміржолы құрылысы басталуына орай Балқаш-2 станциясында ұйымдастырылған телекөпір кезінде көрген едік. Жаңа құрылыс жүретін жолдың электрмен жабдықталуына жауапты мекеме болғандықтан оның басшысы ретінде Нұрсұлтан Бурлинов те сол жерден табылды.
– Былтырғы жұмыс көрсеткіші бойынша біздің дистанция үздік мекемелер қатарында болды. Бір жылдың ішінде бізде қауіпсіздік ережелерінің бұзылуымен байланысты жұмыста ешқандай олқылықтарға жол берілмеді. Қозғалыс қауіпсіздігі мен еңбек қорғау жағдайын толығымен қамтамасыз еттік. Дистанцияда бүгінгі таңда 200 адам еңбек етеді. Біздің қызмет ететін теліміміз – Дария станциясынан Саяқ станциясына дейінгі аралық. Осы жолдың бойындағы электрлендіру ұмыстарына жауаптымыз. Телекөпір өтіп жатқан Балқаш-2 станциясы да бізге қарайды. Осы іс-шараны өткізу барысында да дайындық жұмыстарына толық араластық. Тоғын жүргізіп, жарықтандыру мәселесін шештік, – дейді Нұр-сұлтан Бурлинов. Қарағанды магистральдық желі бөлімшесіне қарайтын ЭЧ-12 мекемесінің ғимараты Ағадыр станциясында орналасқан. Дистанцияға қарайтын аумақтағы электр желілері күзгі байқау кезінде тексеруден өткізіліп, қазір мекеме жұмысшылары қыста жұмыс істеуге дайын отыр. Нұрсұлтанның теміржолды мамандық ретінде таңдап, бұл салада жетістікке жетуіне қаннан берілген қасиет те ықпал етті десе болады. Ол – таза теміржолшылар әулетінен шыққан ұрпақ. Атасы, әжесі, әкесі, бауырлары да – теміржол саласында абыройлы қызмет еткен, әлі де жұмысын жалғастырып жүрген мамандар. Осындай отбасынан шыққан ол теміржол саласында арнайы білім алып, еңбек жолын 2011 жылы қазіргі өзі басшылық ететін дистанцияда электромонтер болып бастады. Бүгінде аталар салған жолды жалғап, ауызбіршілігі мол ұжыммен бірге теміржол саласының дамуына атсалысып келеді.
Суретті түсірген
Александр ЖАБЧУК