Биыл тұңғыш теміржолшы-инженер, қазақ теміржолының атасы атанған Мұхаметжан Тынышпаевтың туғанына 145 жыл. Осыған орай, Тынышпаев қоғамдық қорының атқарып отырған іс-шаралары танымдық та тағлымдық рөл атқарып, өмірі күреспен өткен алаштың арда азаматының жасампаз ісін бүгінгі ұрпаққа жеткізуге ықпал етуде.
Іс-шаралар легін биылғы жылдың 1 ақпан күні теміржолшылар қаласы Арыстың Мәдениет үйінде өткен «Мұхаметжан Тынышпаев: Ғасыр жобасы» атты ғылыми танымдық фильмнің қойылымы бастады. Қазақтан шыққан тұңғыш теміржол инженері Мұхаметжан Тынышпаевтың қоғамдық саяси қызметіне арналған деректі оқиғалар желісіне құрылған фильм шынайы да сәтті шыққан. Сонымен қатар, фильмнен кейін Мұхаметжан Тынышпаев атындағы қордың басшысы Нұршакен Жүнісова, М.Тынышпаевтың өмірі мен тарихи қызметі туралы докторлық диссертация қорғаған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Гүлбану Жүгенбаева, Логистика және көлік академиясының профессоры Ғалымжан Әшірбаевпен кездесу – арыстықтар үшін тамаша тосынсый болды.
Сондай-ақ, Арыс ауданы Екпінді ауылындағы М.Тынышпаев атындағы мектеп оқушыларымен және ұстаздарымен жылы жүзді кездесу өтіп, деректі фильмнің қойылымы өтті.
Наурыз және сәуір айларында фильмнің таныстырылымы Талдықорған және Талғар қалаларындағы Мәдениет үйі мен бірқатар оқу орындарында өтті. Ал 13 мамыр күні Жетісудың Сарқан ауданы Қарғалы ауылындағы М.Тынышпаев мектебінде Мұхаметжан Тынышпаевтың 145 жылдығына орай жергілікті орта мектепте үлкен іс-шара ұйымдастырылды.
Талғар қаласы спорт және туризм бөлімі мен Мәдениет үйінің ұйытқы болуымен «Тарихи тұлға тағлымы» атты рухани кешке жиналған көпшілік те деректі фильмді зор қызығушылықпен тамашалады.Талдықорған қаласындағы Жетісу университетінің тарих факультеті ұйымдастырған «М.Тынышпаев: Алаш және ұлт» атты танымдық дәріс те өте әсерлі өтті. Студент жастар ұлт қайраткері болған тарихи тұлғаның ұлы істерге толы өмір жолымен жақын танысып, артында қалған мол мұрасына қанықты. М.Тынышпаев атындағы қор 31 мамыр күні Алматы іргесіндегі Жаңалық ауылындағы Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мемориалдық кешенге гүл шоғын қойып, аруақтарға арнап берілген асқа қатысты. Қор жетекшілері «Мұхаметжан Тынышпаевтың туғанына 145 жыл» деген тақырыпта өтетін түрлі іс-шаралар жыл соңына дейін жалғасатынын жеткізді.
Даниал ХАМИТ, Алматы