Түркестан: Еңбекті қорғау күніні

Түркістан станциясының бастығы Қадыр Сырлыбеков пен бас инженер Сұлтан Базарбайдың, еңбекті қорғау инженері Ләззат Рысбаева мен кәсіподақ ұйымының төрағасы Бауыржан Дүйсебековтің ұйымдастыруымен бірнеше күнге жалғасқан іс-шаралар легі түркістандық теміржолшылар арасында кеңінен насихатталды.
– Нақтылай түссек, техникалық кабинетке тақырыптық баннер ілініп, жұмысшыларға қауіпсіздік ережелері жазылған жадынама таратылып, «Еңбекті қорғау күнінің» тарихы баяндалды, – дейді еңбекті қорғау инженері Ләззат Рысбаева.
Темір жол қауіпті аймақ болғандықтан, теміржолшылардың еңбек ететін кезеңі оңай емес екендігі белгілі. Алайда, кез-келген өндірістік мекеменің басты байлығы ол – адам және оның денсаулығы.
– Таңда жұмысқа кеткен әрбір теміржолшыны үйінде ата-ана, зайыбы мен бала-шағасы күтіп отыр. Сондықтан біздің негізгі міндетіміз жұмысқа келген әрбір жұмысшыны үйіне үйіне аман-есен қайтару. Сол үшін компания басшылығы тарапынан кәсіподақ ұйымының қолдауымен осындай іс- шаралар қолға алынуда, – дейді кәсіподақ ұйымының төрағасы Бауыржан
Тоқтасынұлы.
Айта кетейік, бүгінде түркістандық қызметкерлер түгелдей арнайы киім-кешекпен қамтамасыз етілген. Зиянды факторларда жұмыс істейтіндердің жалақысына арнайы үстемақы төленіп, кезекті еңбек демалысына қосымша күндер есептеледі және сүт тегін таратылады.
Сала мамандарының түсіндіруінше, одан бөлек 55 жасқа толған жұмысшыларға арнайы әлеуметтік төлемақы тағайындалады. Компания басшылығы мен кәсіподақ ұйымының арасындағы ұжымдық шартта бұл мәселелердің бәрі де түгел баяндалып, қамтылған.
Айтулы күнге орай ұйымдастырылған апталық шара асясында, күнделікті жұмыста өзінің тәртібімен, жанашырлығымен, еңбекқорлығымен көзге түскен бірқатар жұмысшылар – пойыз құрастырушы Бакытжан Молдабаев пен Абзал Бижанов, парк кезекшісі Тәукехан Ағыбаев пен вагон қозғалысының жылдамдығын реттеуші Арнұр Өтебеков, жүк қабылдап-
тапсырушылар Өмірсерік Тойлыбаев пен Мақсұт Тамғабаев сынды азаматтар станция басшылығы тарапынан марапатталып, құрмет-қошеметке бөленді.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
Түркістан