500-ші локомотив зауыттан шықты

Астананың іргесіндегі индустриалдық паркте орналасқан Локомотив құрастыру зауыты тамыз айын тамаша табыспен тәмамдағалы отыр. Зауыттың өндірстік конвейерінен 500-ші локомотив шықты. Бүгінде толық қуатында жұмыс істеп тұрған зауыт айына 10 локомотив шығарады.
Заманауи технологиялардың енгізілуі, инновациялық тәсілдемелердің қолданылуы және зауытта кілең кәсіби мамандардың еңбек етуі «Локомотив құрастыру зауытын» ішкі және сыртқы нарыққа локомотив шығару мен жеткізуде көшбасшылардың біріне айналдырды. Соңғы он жылда компания локомотивтері әлем елдерінің сұранысына ие болып үлгерді. «Зауыт тарихында 2023 жылдың 17-і тамызы айтулы дата болып қалады. Бұл күні 500-ші локомотив шығарылды», – дейді «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ президенті Марат Тілеубаев.
Отандық өнімінің сапасы мен сенімділігіне ішкі ғана емес, сыртқы нарық тұтынушылары да жоғары бағасын берген. Белсенді маркетингілік қызмет пен басқа елдермен серіктестік қатынастарды сәтті орнату нәтижесінде компания өз өнімдерін әлемдік нарыққа шығарып отыр. Бүгінде қазақстандық локомотивтер Әзірбайжан, Украина, Түркіменстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Молдова елдерінде қолданыста.
Локомотив құрастыру зауыты өз табысының маңызды факторларын инновациялар мен технологияларды дамыту бағытынан көреді. Сондықтан да компания зерттеу мен әзірлемелерге белсенді қатысуда.
– «Локомотив құрастыру зауыты» АҚ қол жеткізген жетістігі шеңберінде қалып қоймақ емес. Компания өндіріс көлемін әрмен қарай ұлғайтуға, инновацияларды жалғастыруға және жеткізу географиясын кеңейтуге ұмтыла бермек. Біздің жоспарымызда жаңа серіктестермен ынтымақтастық орнату, жаңа технологияларды енгізу, сондай-ақ локомотивтердің жаңа модельдерін әзірлеу бар, – деп зауыттың алдағы күнгі жоспарларымен бөлісті Маркетинг және сату бөлімінің бастығы Рауан Дөңсебаев.
Қазақстандық өнеркәсіптің жоғары әлеуетін айқындай түскен Локомотив құрастыру зауыты еліміздегі жетекші кәсіпорындардың бірі ғана емес, қазақ елінің мақтанышы деуге негіз бар. Өндірістің жоғары деңгейі мен өнім сапасының арқасында компания халықаралық аренада өзінің қатысуын нығайтуды жалғастыруда. Осы ретте зауыт ұжымы Қазақстанды сенімді және инновациялық локомотивтерді экспорттаушы ел ретінде таныстырып жатқандарына өте қуанышты.

Сұлугүл Бакесова