Ағадыр станциясында мемориалдық тақта орнатылды

Қарағанды жүк тасымалы бөлімшесіне қарасты Ағадыр станциясындағы теміржол вокзалының маңдайшасына осы станцияны 38 жыл басқарған Бектұрсынов Елен Аркенұлының құрметіне мемориалдық тақта орнатылды.
Кешегі кеңестер одағының «Құрметті теміржолшысы», Жол қатынастары министрлігінің «Үздік станция басшысы» атанған, «Адал еңбегі үшін» төсбелгісінің иегері туыпөскен жерінде абыройлы, айтулы азаматтың бірі болды. Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров, облыстық мәслихаттың депутаты, Құрметті теміржолшы Аманбай Төлеушин, «ҚТЖ» ҰК» АҚ қызметкері, Шет ауданының Құрметті азаматы Жамбыл Мұхтар, Құрметті теміржолшы-ардагерлер Бекболат Нарегеев, Қадыр Мұқашев, Берік Айтбеков, тағы басқа көз көрген теміржолшылар қатысты.
Жиналғандар Ағадыр станциясын қырық жылдай басқарған теміржолшы туралы сыр шертіп, естеліктерімен бөлісті. Шет ауданына қарасты «Босаға» ауылының тумасы Елен ағамыз еңбек жолын 1955 жылы Ағадыр станциясында ШЧ монтері болып бастаған екен. Кейін Целиноград теміржол техникумына оқуға түсіп, оны бітірген соң Киік станциясына станция кезекшісі болып жұмысқа орналасыпты. Сосын қозғалыс шаруашылығында ревизор болып жеті жыл қызмет атқарып, мол тәжірибе жинайды. Жігерлі, жұмысына жауапты әрі ұқыпты теміржолшы Ағадыр станциясының бастығы болып тағайындалғанда орда бұзар отыздан енді асқан еді. Еңбектен қол үзбей, Ташкент теміржол көлігі инженерлері институтын бітіреді. Сол кездегі ірі станцияның бірі саналатын Ағадыр станциясында пойыздардың қалтқысыз қозғалыс қызметін ұйымдастырып, қажырлы еңбек еткен Елен Аркенұлы «Құрметті теміржолшы» атанып, ЖҚМ көлемінде жүлде алып, «Үздік станция басшысы» белгісімен марапатталады.
Елен ағамыз жұбайы Елеумен үш ұл, екі қызды өсіріп жеткізді. Ұлдары Берік пен Еркін де бүгінде Құрметті теміржолшылар, кенжесі Дәуір Қазтеміртранста қызмет атқарады.

Сұлугүл Бакесова