Ақтөбеде теміржолшылар арасында спорттық бірнеше түрінен жарыс өтті. Байрақты бәсеке Қазақстан темір жолының 120 жылдығы мен Хромтау-Алтынсарин темір жолының 20 жылдығына арналды.
29-30 қарашада өткен спартакиадаға 200-ге жуық теміржолшы қатысты. Шалқар, Ақтөбе, Жем, Қандыағаш, Әйтеке би, Никельтау және Орал құрамалары 8 командаға бөлініп, өзара бақ сынасты. Салауатты өмір сүру салтын ұстанған теміржолшылар спорттың қай түрі болса да осал емес. Бұл жолы да теннис, тоғызқұмалақ, шағын футбол, киберспорт түрлері бойынша сайысқа түскен командалар бір-бірінен шеберліктерін асыруға тырысты. Дегенмен сайыстың аты – сайыс, жалпы командалық есепте Қандыағаш құрама командасы топ жарып, 1-орынды имденді. Жүлделі 2-орынды – Ақтөбе, 3-орынды Жем командалары еншіледі.
«Биыл Қазақстан темір жолы 120 жылдық мерейтойын атап өтіп жатыр. Отандық теміржол жылдан-жылға әлеуеті артып, халықаралық транзиттік дәліздер дамуда. «Ғасыр құрылысы» атанған «Хромтау-Алтынсарин» теміржол құрылысы да тәуелсіздік жемісі. Ел ішіндегі өңірлерді байланыстыратын темір жолдар игілігін көріп отырмыз. Бүгінгі ойынға қатысқан барлық командаларға алғыс айтамын», – деді Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесінің бастығы Бөріхан Беркімбаев.
Айта кетейік, 2004 жылдың қараша айында пайдалануға берілген «Хромтау-Алтынсарин» теміржол желісі елдің шығысын батыспен, орталық аймақтарды оңтүстігімен біріктірді және шығыстан жүк жеткізу ұзақтығын 2 мың, ал жолаушы пойыздарының жолын 1,5 мың шақырымға қысқартты.
Спартакиаданың соңғы күнінде байрақты бәсекеде бас қосқан жеңімпаз командалар мен үздік ойын көрсеткен теміржолшыларды кубоктармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапаттау рәсімі өтті.
Ардақ Ерубаева