Семей ЖТ бөлімшесінің кәсіподақ ұйымы төрағасы, Құрметті теміржолшы Алик Досановтың есімін бүгінде ел шығысындағы теміржолшылар қауымы жақсы біледі. Қоғамдық шаралардан бастап қайырымдылық, спорттық іс-шаралар, теміржолшылар игілігі үшін атқарылып жатқан барлық игі істердің қасынан табылатын ел ағасы бүгінде алпыс жастың биігіне көтеріліп отыр.
Алик Тұрсынұлы Алматыдағы қазақ қатынас жолдары университетін тәмамдаған соң бірден Семей теміржолына вагон шаруашылығына келіп, жылжымалы құрам слесарі болып жұмысқа орналасады. Осылайша, ұзақ та мағыналы еңбек жолын бастапты. Әр жылдары вагон қараушы, нұсқаушы, шебер, аға шебер сынды сатылы еңбек жолынан өтті.
Десекте, Алик Тұрсынұлының ең мағыналы қызметі 1998 жылдан бастап, Семей вагон пайдалану депосының кәсіподақ төрағасы қызметіне кірісуінен басталды десек қателеспейміз. Вагон шаруашылығының сан салалы қызметі бұл істе біршама тәжірибе жинақтауына зор себеп болды. Осылайша, 2015 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «Қазақстандық салалық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі қызметкерлері кәсіби одағы» ҚБ Семей жүк тасымалы бөлімшесінің төрағасы болып қызмет атқарып келеді. Еңбек жолында үлкен белеске көтерілді.
Осынау жылдар аралығында Алик Тұрсынұлының ұйытқы болуымен бөлімшенің қоғамдық өмірі қайта жаңғырды. Бөлімше басшылығымен келісе отырып, тындырымды іс жүргізілді. Атап айтсақ, әр жылдарда шалғай станциялардан балалардың ойын алаңқайлары, Семей станциясынан психологиялық жүктемеден арылу бөлмесі сынды көптеген жаңа нысандар ашылды. Мәселен, жуырда Семей шаһарының іргесіндегі Теміржолшылар кентінде жасанды футбол алаңы мен балалардың ойын алаңқайының ашылу салтанаты өтті. Алик Тұрсынұлының күш салуымен осынау ауданда көше шамдары орнатылып, асфальт төселген-ді. Бұл істердің барлығы да бүгінде абырой биігіне көтеріліп отырған ел ағасының еңбек жолындағы қажыр-қайратын айғақтайды.
Өзін білікті басшы, шебер ұйымдастырушы ретінде көрсете білгендігі болса керек, осынау жолда көптеген марапат иесі атанып келеді. Сан мәрте мерекелік төсбелгілер мен құрмет грамоталарын алды. Десекте, Алик Тұрсынұлы үшін берілген баға – теміржолшылардың алғысы екендігі анық.
Бүгінгі қайта құрылған Абай облысындағы ұжым саны ең көп салалық кәсіподақ ұйымын жоғары деңгейдегі жетістікпен басқарып келе жатқандығы себепті Алик Тұрсынұлын жуырда аймақтағы барлық кәсіподақ ұйымдары мүшелері бірауыздан қолдап Абай облыстық кәсіподағының координациялық кеңесінің мүшелігіне салтанатты түрде қабылданды. Атқарылар шаралар тіптен ұлғайды деген сөз.
Ал, халқымыздың алпыс жасты тал түс деп білетінін ескерсек, осынау кезеңге алғыс пен абырой арқылы аяқ басқан Алик Тұрсынұлы үшін жауапты кезең әлі де жалғаса беретіні анық деп білеміз.
Бір топ кәсіподақ белсенділері, Семей