Кәсіподақ ұйымдарының ұйытқы болуымен шағын футболдан жазда өткен «Қазкөліккәсіп-2021» теміржолшылар футбол лигасының іріктеуі жалғасуда. Аталған түрнирде түбек теміржолшылары арасында жеңіске жеткен Құрық портының командасы батыс өңірлері арасындағы жарысына жолдама алған болатын.
Батыс жеңімпазын анықтайтын бәсеке жақында Атырау облысында өтті. Онда Ақтөбе, Атырау, Оралдағы әріптестерінен озық шыққан маңғыстаулық теміржолшылар бірінші орынды иеленді.
Жарыстың ережесі бойынша аймақаралық бәйгеде жеңіске жеткен командалар енді Шымкент қаласында кездесіп, Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ақтық сайысқа жолдаманы жеңу үшін ойын көрсетеді. Одан да жүлделі орынды алғандар астанада өтетін қорытынды сайысқа қатысады. 2021 жылдың ең үздік футболшылары атану бағытында өзара бақ сынайды.
– Жарысқа төрт облыстан төрт команда қатысты. Біздің теміржолшы жігіттер Маңғыстау теміржолының қоржынына бас жүлдені салып берді. Енді футболшыларымыз қазан айының 14-15 күндері Шымкент қаласында болатын аймақтар бойынша саралау сайысында бақ сынайды. Теңбіл доп иелеріне сәттілік тілейміз, – дейді Орталық кәсіподақ ұйымының Маңғыстау теміржолы бойынша өкілі Әзірбай Тұрмағанбетов.
Айсұлтан АРМАН,
Маңғыстау