Вы сейчас просматриваете Алтын алқалы ана Арыс локомотив депосында еңбек етеді

Алтын алқалы ана Арыс локомотив депосында еңбек етеді

Кілең ер азаматтар еңбек ететін Арыс локомотив пайдалану депосында шоғырдай бір топ қыз-келіншектер бар. Солардың бірі – біздің бүгінгі кейіпкеріміз, жылжымалы құрамды жуып-тазалайтын Тұрсынбекова Нұрбибі.

Міне, аттай қырық жылды артқа тастапты, теміржолдың «отымен кіріп, күлімен шығып» жүргеніне Нұрбибі Мекенбайқызының. Теміржолдағы жұмысын 1982 жылы кран жүргізуші болып бастаған Нұрбибі сосын 13 жыл лабораторияда жұмыс істеді. 2000 жылдан бастап жылжымалы құрамды жуып-тазалаушы. «Жұмыс ауыр емес пе?» деп сұрадық жанашыр көзқараспен. «Жұмыстың жеңілі бар ма, қарағым-ау?» деп сұрағымызға сұрақпен жауап берді.

– Әйел бола тұра, ер азаматтардың мамандығын кез-келген арыстық қыз таңдайды деп ойлаймын, себебі Арыс халқының жергілікті ата кәсібі болғандықтан, мынау еркектің, мынау әйелдің жұмысы демей, жаппай теміржолда жұмыс істеу қанымызға сіңген. Кезінде алдыңғы буын апаларымыз, аналарымыз бен әжелеріміз жолшы да болды, вагон қараушы, пойыз құрастырушы да болды. Олардың қасында біздің жұмысымыз ауыр ма, – дейді теміржолшы әйел.
Үлкен теміржолшы әулетке келін болып түскен Нұрбибінің өмірлік серігі Тұрсынбеков Оралбай да вагон қараушы болып зейнетке шыққанша еңбек етіпті.

Нұрбибі Мекенбайқызының қоғамдағы маңызды статусы – «Алтын алқалы» ана. 7 қыз бен 1 ұлдың анасы және бүгінде 17 сүйікті немеренің әжесі. Қызы Жанар – кәсіпкер, Мөлдір – бухгалтер-экономист, Ләззат – дәрігер, Жаңыл мен Ұлдидар – мұғалім, ал жалғыз ұлы Еламан – сәулетші мамандығында оқып жатқан студент, кіші қыздары Қарақат пен Кәусар мектепте.

– Сегіз баламда да туғасын екі айдан соң жұмысқа шығып кететінмін, бірге тұратын жылдары енем көмектесті, кейін бөлек шыққанда күйеуім екеуміз ауысыммен жұмыс істеп, кезек-кезек қарап өсірдік қой, – дейді еңбекқор ана.
Арыс депосы (ТЧЭ-32) – жүз жылдық тарихы бар көненің көзі. «Мұндай бай депо базасы Мәскеуден соң бізде ғана болған кезінде» деп мақтан тұтады арыстықтар. Күн сайын салмағы 30-32 келіге дейін келетін локомотивтің ауыр темір құрылғылары мен тетіктерін майдан тазалап, жуып шаятын Нұрбибі апайдың ойынша тазалық жүрген жерде әйел адамның болуы – заңдылық. Бірнеше жылдан соң зейнет демалысына шығатын алтын алқалы ана кіл темір-терсектің арасында, ер-азаматтар еңбек ететін депода өткен өміріне еш өкінбейтінін жеткізді. «Жұрттың бәрі ақсаусақ болып кеңседе отырса, қара жұмысты кім істемек? Сосын қай жұмыс болса да адал нан тапқанға не жетсін, бұл жағынан келгенде күйеуім екеуміз де бала-шағаны маңдай тер, табан ақымызбен асырап жеткіздік, Құдайға шүкір…» деді.


Сабира БАЙЗАХОВА, Шымкент