«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев бір топ сала ардагерлерін қабылдап, Консультативтік кеңес мүшесі, құрметті теміржолшы Марат Хамзинді сексен жылдық мерейтойымен құттықтап, «Адал еңбегі үшін» төсбелгісімен марапаттады.
Мерейтой иесін «Казлогистикс» Қазақстан көлік қызметкерлерінің одағы атынан құттықтаған Юрий Лавриненко «Көлік бизнесін дамытуға сіңірген еңбегі үшін» белгісі мен сертификат және «Дәстүр» деп аталатын ескерткіш сыйлығын табыстады. Ал «Қазкөліккәсіп» төрағасы Оразғали Ахметбаев Марат Шәймерденұлын ұстаз әрі әріптес тұтатынын атап өтті. «Сонау 1993 жылы қазіргі ұжымдық шарттың негізін қалауға ықпал еткен келісімге қол қойғандардың қатарында Батыс темір жолын басқарып отырған Марат Хамзин ағамыз да болды», – деп өткен күндер естелігімен бөлісті.
Мерейтой иесін құттықтаған ардагер теміржолшылар қатарында Марат Хамзинмен кезінде қызметтес болған әріптестері, шәкірттері де болды. Солардың бірі Борис Исинаманов ақсақалға ақ жарма тілегін әдемі өлең жолдарымен жеткізді. Орталық ардагерлер кеңесі атынан төраға орынбасары Жұмагүл Әлжан құттықтап, ыстық ықылас-лебізін білдірді.
Басқарма төрағасы Нұрлан Сауранбаев қазақ теміржолының өсіп-өркендеуінде, дамуында теміржолшы ардагерлердің еңбегі орасан зор екенін атап өтті. Сондай-ақ, ол биыл «ҚТЖ» ҰК» АҚ компаниясының құрылғанына 25 жыл толып отырғанын және осы ширек ғасырлық мерейтойына Компания жоғары жетістіктермен келіп отырғанын жеткізді.
«Кеңес дәуірі өтіп, еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі теміржолдың жағдайын, эксплуатациялық жүк айналымының төмендеп кеткенін өздеріңіз білесіздер. Ал 2021 жыл ҚТЖ пайдалану жүк айналымы 239 млрд тонна-километрге жетті, бұл тәуелсіздік жылдарындағы тарихи ең жоғары көрсеткіш болып табылады. Біздің 2-3 трлн қарызы- мыздың барына қарамастан, мемлекеттің көмегінсіз 100 млрд теңге пайда кіргіздік. Өткен жыл транзиттің жақсы жолға қойылуымен де ерекшеленді. Қытайдан Еуропаға және Орталық Азияға 1 млн ЖФЭ тасымалдап, 2021 жылдың 5 желтоқсанында мақсатты көрсеткішті мерзімінен бұрын жаптық. Биылғы жылға да алдымызға үлкен міндеттер қойып отырмыз. Достық-Мойынты арасында екінші жол салмақпыз. Өзбекстан бағытында Дарбаза-Мақтаарал теміржолы салынады. Қазір Алматы Қытайдан келетін жүкті қабылдай алмай, «тұншығып» тұр. Сондықтан бұл өңірде айналма жол салу жобасы қолға алынбақ. Бұл жоба баяғыда көтерілген болатын. Міне, теміржолды дамыту бағытында осындай ірі жобаларды іске асырмақпыз. Мемлекет басшысы қолдау білдіріп, ұлттық қордан ақша бөліп отыр. Осылайша, биыл инфрақұрылымды біраз жақсартамыз деген ойдамыз. Әрине, бұдан басқа проблемалар жеткілікті. Парк- тер ескірген, жөндеу жұмыстары қажет. Ең басты проблема қаржылық қарыз болып тұр. Сол себепті локомотив паркін, басқа да техникаларды жаңартуға қаржы бөле алмай отырмыз. Жол шаруашылығы бойынша күрделі жөндеу көлемін арттыруға басымдық беріп келеміз. Себебі, қозғалыс қауіпсіздігі нөмірі бірінші мәселе болып қала бермек», – деп түйіндеді сөзін Нұрлан Ермекұлы.
Сулугүл Бакесова, Нұр-Сұлтан
Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК