Ардагерлер кеңесіне – он жыл

«Қазақстан темір жолы» ұлт- тық компаниясында саланың дамуына сүбелі үлесін қосып, бүгінде көп жылғы бейнетінің зейнетін көріп отырған жандардың басын біріктіретін ұйым бар. Ол Ардагер-теміржолшылардың орталық кеңесі. Бүгін біз қоғамдық бірлестік болып құрылған ұйымның тарихы, тыныс-тіршілігі, атқарып отырған қызметі туралы кеңес төрағасы Болатбек Дүйсемалиевті әңгімеге тарттық.

– Болатбек Бекеуұлы, Ардагер-теміржолшылар орталық кеңесінің он жылдығын атап өткелі отырсыздар, сала зейнеткерлерінің басын қосатын ұйым өз жұмысын қай бағытта жүргізіп отыр?
– Жалпы, айта кету керек, теміржолшы ардагерлердің орталық кеңесі кеңестік одақ кезінде, кешегі Алматы, Батыс, Тың теміржолдары кезінде, яғни Жол қатынастары министрлігіне қараған шақта да жұмыс істеп тұрды.
Кейін еліміз егемендік алып, үш теміржол бірігіп ҚТЖ құрылған алғашқы жылдары қызметі тоқтап қалғаны рас. 2013 жылдың желтоқсан айында қайтадан құрылған Теміржолшы-ардагерлердің орталық кеңесіне биыл міне он жыл толмақ. Бастапқыда кеңестегі ардагерлер саны 50 мыңнан асып жығылатын. Қазір 47 мыңнан асады. Біз қоғамдық бірлестікпіз, жұмысымызды «ҚТЖ» ҰК» АҚ-мен және оның еңбеккерлері арасында жасалған келісімшартты негізге ала отырып жүргіземіз. Біздің міндетіміз – саналы ғұмырын теміржолға сарп еткен зейнеткерлердің құқықтары мен мүдделеріне қызмет етіп, ұжымдық келісімшарттағы жеңілдіктерді пайдалануына көмектесіп, реті келсе бағыт-бағдар, кеңес беру.
Ел өңірлерінде 18 аймақтық кеңесіміз жұмыс істейді. Жылына бір рет бас қосып, есеп береміз.
– Ұлттық компания мен оның еңбек ұжымы арасында жасалған ұжымдық шарттағы зейнеткерлерге қатысты жеңілдіктерге тоқталып өтсеңіз.
– «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен оның еңбек ұжымы арасындағы ұжымдық шарттың 8-бөлімі – Компания зейнеткерлеріне арналған әлеуметтік пакет.
Онда соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне және қарапайым зейнеткерлерге қатысты жайттар қамтылған. Атап айтқанда, Жеңіс күнін тойлау қарсаңында Ұлы Отан соғысына, Қатынас жолдары халық комиссариаттарының арнайы құрылымдарына қатысушы болып табылатын зейнеткерлерге 30 АЕК мөлшерінде материалдық көмек, сондай-ақ Компанияда есепте тұрған ҰОС ардагерлеріне айына 50 кВт есебінен тұтынылған электр энергиясы мөлшерінде ай сайын материалдық көмек көрсету қарастырылған. Сонымен қатар теміржол көлігіндегі еңбек өтілі кем дегенде 25 жыл зейнеткерлерге, сондай-ақ жұмыс өтіліне қарамай, өндірістік жарақаттану оқиғалары бойынша 1 және 2-топтағы мүгедектіктің белгіленуіне байланысты жұмыстан шыққан зейнеткерлерге, олар 70, 80, 90 және 100 жасқа толған кезде 7 АЕК мөлшерінде бір жолғы материалдық көмек көрсетіледі. Одан басқа да «Құрметті теміржолшы» белгісімен марапатталғандарға, басқа да зейнеткерлерге Компанияның бөлінген бюджеті шеңберінде жиырма төрт айда бір рет тіс протездеуге кеткен шығындары, теміржол көлігімен жылында бір рет бару-келу шығындары өтеледі.
Үш жылда бір рет сауықтыру орындарына жолдама беріледі, тағысын тағы…
– Ардагерлер кеңесіне зейнетке шыққан барлық теміржолшылар мүше бола алады ма? Әлде оның өзіндік реті, тәртібі бар ма?
– 2010 жылдың 19 мамырында «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқармасының шешімімен бекітілген Жұмыс істемейтін зейнеткерлер мен оларға теңестірілген тұлғаларды есепке қою тәртібі туралы ереже бар. Осы ережеге байланысты Ардагер-теміржолшылар кеңесіне теміржол көлігіндегі еңбек өтілі 10 жылдан кем емес және зейнетақы жасына Ұлттық компаниядан шыққан тұлғалар, сонымен қатар Қазақстанға қоныс аударған ТМД елдерінің теміржол көлігінде жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққан және еңбек өтілі 10 жылдан кем емес тұлғалар, сондай-ақ денсаулық жағдайына немесе жарақат алуына байланысты 1-ші және 2-ші топ мүгедектігі тағайындалуына байланысты жұмыстан босатылған Компания қызметкерлері мүше бола алады.
– Әңгімеңізге рахмет…
Сұлугүл БАКЕСОВА
Суретті түсірген
Александр ЖАБЧУК