АРДАГЕРЛЕР ШАХМАТ ОЙНАДЫ!

Тәуелсіздік мерекесіне орай Атырау жүк тасымалы бөлімшесінде ардагерлер кеңесі мен кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен ардагерлер арасында шахматтан жарыс өтті.

Бөлімшедегі кәсіподақ ұйымының жетекшісі Нұрбол Нұрышев мереке қарсаңында Тәуелсіздік жылдары тер төккен ардагерлерге құрмет көрсетіп, осындай шара ұйымдастырып отырғандарын жеткізді.
– Бүгін сіздерді көргенімізге қуаныштымыз. Еңбек демалысынан ой демалысына ауысайық деп сіздерді әдейі шақырып отырмыз. Кезінде бәріңіз Атырау темір жолының дамуына үлес қосқан азаматсыздар. Бір-біріңізді сағынатын да кездер
болады. Бүгінгі күн сіздердікі, қош келдіңіздер! – деп жылы шырай білдірді.
Бөлімшенің спорт нұсқаушысы Ринат Иманғазиев жеребе үлестіріп болған соң, ойыншылар жұбын анықтап, әркімнің қарсыластарын атады. Әрине, шахмат – патшалар ойыны деп бекер айтылмаған. Әр қадамыңды «жеті өлшеп, бір кесіп» дегендей әбден ойланып жүру керек. Сондықтан уақыттан қысым болған жоқ. Арасында қариялар шай ішіп, серігіп алуға да мүмкіндік жасалды. Кәсіподақ есебінен дастархан жайылып, ас-су әзірленіпті. Әрине, ойыншылардың қай-қайсысы да намысты қолдан бермеуге тырысты. Мүлт кеткен, «әттеген-ай» дегізген сәттер де болды. Дегенмен, жарыс болғасын біреу ұтып, біреу ұтылмақ. Бұл жолы да Атырау локомотив депосының зейнеткері А.Жүгенбаев замандастарын қапы қалдырып, 1- ші орынды жеңіп алды. 2-ші орынды НЖС ардагері Б.Жансариев, 3-ші орынды бұрынғы НЖС басшысы О.Райсов иеленді. Жеңімпаздарға лайықты сый-сияпат жасалды.

Қосұйым МҰҚАШЕВ, Атырау
Суретті түсірген автор