Арыс вагон пайдалану депосы басшылығының ұйымдастыруымен Арыс-2 станциясындағы техникалық қызмет көрсету пунктінің жолаушылар вагоны тұрақтайтын тұйық жолында техникалық сабақ өтті. Жиынға Шымкент, Қазығұрт, Сарыағаш, Түркістан станцияларының вагон қараушылары қатысты.
Техникалық сабақтың мақсаты – қызметкерлердің нормативтік құжаттарда бекітілген ереже-нұсқаулықтарды білуі мен кәсіби біліктіліктерін шыңдау және тәжірибесін арттыру. Сондай-ақ жылжымалы құрамнан ақау анықталған жағдайда сауатты әрекет ету мен қызмет көрсету сапасын көтеруге баулу.
Қатысушыларға теориялық сабақ пен доңғалақ жұптарын жедел ауыстырудың тетіктері практикалық тұрғыда көрсетіліп, түсіндірілді. Сонымен қатар станцияға аялдаған жолаушылар пойызындағы ақауларды анықтау мен сол мезетте қабылдануы тиіс амал-әрекеттер оқытылып, үйретілді. Сондықтан жылжымалы құрамдағы олқылықтарды мейлінше жедел анықтау мен қауіп-қетердің алдын алу техникалық сабақтың басты тақырыбына айналды. ВЧД-30 мекемесінің нұсқаушысы Олжас Еркінбек вагон қараушыларға доңғалақ жұптарын ауыстыру мен доңғалақ табаны мен жиегінің қалыңдығын өлшеуде қолданылатын шаблон-құрылғыларды тиімді әрі дұрыс пайдалану жолдарын кеңінен түсіндіріп, көрсетті.
Сонымен қатар шара аясында анықталған ақауды жедел қалпына келтірудің жай-күйі де мұқият талқыланды. Әрине, ақау күнде анықтала бермейді. Десек те, вагон қараушылар ондай сәтке қашан да сақадай сай дайын тұруы қажет.
Арыс вагон пайдалану депосының бас инженері Ғалым Байзақовтың айтуынша, Арыс – Орта Азия қақпасы болғандықтан, мұнда жылжымалы құрамдардың қатынауы тәулік бойы толастамайды. Сондықтан мұнда жүк және жолаушылар вагонының жай-күйін қадағалап, сервистік қызмет көрсету қарқыны жоғары. Осы орайда маман біліктілігі мен тәжірибесі, құрал-саймандарды тиімді пайдалануы зор маңызға ие.
Техникалық сабақ кезінде еңбек қауіпсіздігі қағидаларын қатаң сақтай отырып, өнімді жұмыс істеу тетіктері де жан-жақты түсіндірілді. Мұның бәрі де қатысушылар үшін өндірістік жарақат алуға себеп болатын оқыс жағдайлардың алдын алудың негізгі амалы болып табылады.
Нұрлыбек Досыбай