Жылжымалы даму орталығы ретінде танылған «Білім экспресі» мектебінің кезекті жиыны Арыс қаласындағы локомотив пайдалану депосында өтті.
«Қазкөліккәсіп» ҚБ Шымкент филиалының атсалысуымен ұйымдастырылған жиын 2 күнге созылды.
Семинар-тренингке «Жүк тасымалы» ЖШС мен Магистральдық желі дирекциясының Шымкент филиалына қарасты үлкенді-кішілі кәсіпорын-мекемелердің 50-ге жуық қызметкері қатысты.
Біліктілікті арттыру шарасын ҚТЖ-ның «Теміржол көлігіндегі персоналды дамыту мен бағалау орталығы» филиалының тәжірибелі мамандары жүргізді.
– Өткен жылдан бері тәжірибелік білімді «Есіктен – есікке» жобасы аясында аймақтардағы станция, деполарды аралап жүргізіп келеміз. Мақсатымыз – шалғай учаскелерде еңбек ететін теміржолшыларды өндірістік жарақат алудан сақтандыра отырып, адами құндылықтарға ден қоюға баулу. Ал курсымызды тәмамдаған мамандарға арнайы сертификат табысталады, – дейді семинарды жүргізуші Адами ресурстарды басқару департаментінің HR бизнес-серіктесі Алма Сәулебаева.
Айта кетейік, жиынға жетекшілік еткен Алма Тұрарқызының темір жол саласындағы еңбек өтілі 32 жылды құрайды. Сондықтан да оның бұл салаға қатысты айтары аз емес.
Жиынның ашылу рәсіміне қатысып, сөз сөйлеген «Жүк тасымалы» ЖШС Шымкент филиалы директорының орынбасары Арман Мақұлбекұлы қызметкерлер осы жерден алған білімдерін кәсіпорын, мекемелердегі жұмыс орындарында, учаскелер мен околотка, цехтарда іс жүзінде кәдеге жарайтындығына сенімділік білдірді.
Арыс станциясының кезекшісі Телғозы Шорахан жиында жалпыға бірдей пайдалы кеңестер айтылғанын атап өтті.
– Темір жол кәсіби білімді қажет ететін салалық мамандық болғандықтан – біздің әріптестеріміз үшін мұндай біліктілікті арттыру шаралары керек-ақ. Өйткені мұндай өмірлік маңызы зор кеңестерді алу үшін бәріміздің сонау Астанаға барып-қайтуымыз оңайға түспейді. Сондықтан да білімді «есіктен есікке жеткізу» жобасы
арқылы насихаттап жүрген жандарға алғыс айтамыз, – дейді ол.
Ақылбек ӘМЗЕ, Арыс
Суретті түсірген автор