Кәсіби мереке қарсаңында теміржолшылар қаласы Арыстың орталық мұражайы ауласында атақты теміржолшылар династиясы Бекмұрзаевтар құрметіне ескерткіш тақта ашылды.
Орта Азияның қақпасы саналатын Арыс қаласында бүгінгі таңда 17 ұрпағы теміржол бойында еңбек ететін Бекмұрзаевтар әулеті тұрады. Бекмырза мен Есмырзадан бастау алған династияның алды сонау өткен ғасырдың басында еңбек жолын бастаса, ең жас буыны Бекмырза Ербол Еркінұлымен аяқталады. Әулеттен шыққан теміржолшылардың ұзын-ырғағы 47 адамның есімі жазылған ескерткіш тақта Арыстың алтын аймағы саналатын вокзал маңына жақын орналасқан Арыс орталық мұражайының ауласына қойылды.
Шымкент ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрғали Нұртаев пен «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Жүк тасымалы» Шымкент филиалы директорының орынбасары Арман Сабденбеков ескерткіш тақтаның ашылуына орай Арысқа арнайы ат басын бұрып, құттықтау сөз сөйледі.
Сонымен қатар Арыстың қоғамдық өмірі теміржолмен тығыз байланысты болғандықтан іс-шараға Аmanat партиясының Арыс қалалық филиалының төрағасы Ділдәбеков Бақтығали, Арыс қаласының мәдениет бөлімінің бас маманы Таймат Нұрдаулет, тағы басқа қонақтар арнайы келіп қатысып, теміржолшыларды құттықтады.
Бүгінгі жазба ертеңгі тарих бетінен табылатын таңба десек болады, екі ғасыр теміржол бойында тер төгіп келе жатқан әулеттің есімі осылай тасқа қашалып жазылды.
Сабира Байзахова