Арыста теміржолшылар әз-Наурызды атап өтті

Түркістандық теміржолшылар Арыс қаласында бас қосып, жыл сайынғы дәстүрге сай мекемеаралық Әз-Наурыз мерекесін тойлап, айтулы кезеңмен қатар келген қасиетті айда ауызашар өткізді.

Қазақ темір жолының 120 жылдығына орай «Қазкөліккәсіп» ұйымының Шымкент филилалы өкілдері ұйымдастырған жиынға «Жүк тасымалы» ЖШС Шымкент филилалының директоры Н.Байғазиев пен Арыс қаласының әкімі Г.Құрманбекова, ардагер теміржолшылар мен Түркістан облысындағы темір жол мекемелерінің басшылары және сала мамандары қатысты.

350 адамға арналған алқалы жиында Арыс белгі беру және байланыс дистанциясы мен Арыс станциясының қызметкерлері, қалалық мәдениет үйінің әртістерімен бірге өнер көрсетті. Сондай-ақ, дәстүр жаңғыртып жарапазан айтты. Бесікке салу мен тұсау кесер шарасын өткізді.

Сонымен қатар, ауызашардан сүт пісірімдей уақыт бұрын жиылған көпшіліктің назарына «Қазкөліккәсіп» ұйымының мамандары жасаған өңір темір жолының тарихынан сыр шертетін арнайы көрме ұйымдастырылды.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

Арыс