Аягөзде дүбірлі жарыс өтті

Ел шығысындағы Семей мен Өскеменнен кейінгі ең үлкен теміржол торабы саналатын Аягөз станциясының теміржолшылары да бос уақыттарын тиімді өткізуді жақсы біледі. Мұндағы сала қызметкерлері арасында кейінгі уақытта футбол, баскетболмен қатар, ұлттық ойын түрлері де жақсы дамып келеді.

Қазақстан теміржолының 120 жылдық мерейтойына орай барлық тораптық станцияларда өткізіліп жатқан спорттық сайыстар жуырда Аягөзде де ұйымдастырылды. Бұл жолы теміржолшылар өз араларында кіші футболдан және арқан тарту бойынша спорттық іс – шаралар өткізіп, жеңімпаздарды анықтады.

Жарысқа қатысқан ТЧЭ-25, ПЧ-42, ШЧ-30, ВРД, ВЖДО, ДС командаларының бәрі де осал емес, Семейде өткізілетін бөлімше біріншілігіне қатысып тәжірибе жинап жүрген әуесқой спортшылар. Сондықтан ойын мейлінше тартысты өрбіді. Бұрындары бір командада ойнағандар ендігі аралықта бір-біріне қарсылас еді.

Кездесулер барысында шиеленісті сәттер көп болды. Алғашқы кездесулерде жолшылар командасы қарқынды ойын көрсеткенімен, соңғы мезетте жеңісті уыстан шығарып алды. Әйтсе де, барын салған жолшы жігіттер «үздік қақпашы» мен «үздік қорғаушы» атағын иеленді.

Ал жүлделі 1-орынды вагон жөндеу депосының командасы иеленді. Екінші орынға Аягөз локомотив пайдалану депосының машинистері лайық болып шықты. Үшінші орынға ШЧ-30 мекемесінің жігіттері жайғасты.

Сонымен қатар шағын фуболмен қатарлас өткізілген арқан тартыс сайысында да жұрт күткен нәтиже орын алған жоқ. Бұл жолы да жолшылар қауымы есе жіберіп алды. Нәтижесінде бірінші орынды ТЧЭ-25, екінші орынды ШЧ-30, ал жүлделі үшінші орынды әскерилендірілген күзет қызметі иеленді.

Барлық жеңімпаздар мақтау қағаздарымен, арнайы кубоктармен марапатталды.

Абай ЕРТІС, Семей

Суретті түсірген автор