Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына арналған спорттық сайыстарда маңғыстаулық теміржолшылардың мерейі үстем болды. Әсіресе, Болашақ станциясының теміржолшылары бәйгенің алдын бермеді.
Болашақ ауылы әкімдігі ұйымдастырған әйелдер арасындағы 2 шақырымға жүгіруден өткен жарыста бас жүлденің үшеуін де теміржолшы нәзік жандар иемденді. Станция қызметкері Гаухар Аяпова, Гүлмаржан Барсединова, Асия Жайлиева қарсыластарын шаң қаптырып, мәре сызығын алдымен кесті.
Сонымен қатар арқан тарту, гір тасын көтеру, волейбол ойындарынан да теміржолшылар командасының бағы жанды. Арқан тартыстан станция командасы екінші орынды иемденсе, 24 келілік гір тасын көтеруден үш жүлделі орынды да теміржолшы жігіттер еншіледі. Волейболдан станция командасы бірінші орын, магистральдық желі бөлімшесінің командасы үшінші орын алды.
– Болашақ станциясында жұмыс істейтін қыз-жігіттердің жетістігін көріп, таң қалғандар болды, олардың тек теміржолшы ғана емес, кез келген жарысқа ұялмай түсетін спортшы екендеріне де көптің көзі жетті, – дейді Болашақ станциясының басшысы Мақсат Нұрбеков.
Ал «Қаскортранссервис» компаниясы ұйымдастырған шағын футболда қалалық сегіз команда арасынан Маңғыстау теміржолшылары үшінші орыннан көрінді. Мұнайлы ауданы әкімдігі өткізген ерлер арасындағы волейбол жарысында да үшінші орын бұйырды. Арқан тартыстан екінші орынды алса, гір тасын көтеруден Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің бас инженері Қарақат Жақанов командаға бас жүлде сыйлады.
Айсұлтан Арман, Маңғыстау
Суретті түсірген автор