Байқау жарияламақ

Биыл Қазақстан темір жолына – 120 жыл. Ғасырдан астам уақыт ел игілігіне қызмет етіп, дамып, жетіліп келе жатқан болат жолдардың салынуы мен өсіп-өркендеу кезеңдері талай тағлымды тарихи оқиғаларға арқау болады.
«Өткенге риза болу, бүгінгі күннен рухани ләззат алу, болашақта бізді күтетін нәтижелерге қанағаттанудан асқан саяхат жоқ» дегендей, ағымдағы жылы Атырау қосалқы бөлімшесі кәсіподақ комитеті осы атаулы жыл аясында Атырау теміржолының тарихын, бүгінгі тыныс-тіршілігін, дамуына үлес қосқан қарапайым еңбек адамдарының өмірін насихаттау мақсатында
Бұқаралық ақпарат құралдары арасында байқау жариялауды жоспарлап отыр.
Кәсіподақ төрағасы Боранбай Қамиевтің айтуынша, байқау ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауындағы стратегиялық маңызы бар міндеттің бірі ретінде көрсеткен көлік-логистика саласының әлеуетін толық пайдалану туралы тапсырмасымен де үндес келеді. «Сонымен қатар осы айлар ішінде Атырау теміржолының тарихына арналған кітап-энциклопедия шығаруды да қолға алмақшымыз. Бұл шаралар халықтың темір жол тарихымен сусындауына жағымды ықпал етіп, өңір теміржолшыларының мерейін көтереді деп сенеміз», – дейді төраға.
Қосұйым МҰҚАШЕВ, Атырау