Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстандағы Балалар жылы және Кәсіподақтың 30 жылдығы шеңберінде «ҚТЖ» ҰК» АҚ қызметкерлерінің балаларына арналған экскурсиялық тур өтті.
Шілденің 19-22 аралығында өткен турдың алғашқы күні балалар Бейбітшілік және келісім сарайы, Ботаникалық бақ, Триумфальдық арка, «Атамекен» этно-мемориалдық кешенін аралап, кешкісін Есіл өзенінде теплоходпен серуендеді. Ал сәрсенбі күні Бәйтерек монументі және MEGA Silk Way сауда үйінде орналасқан «Evrikum» таңғажайыптар саябағында, ҚР Ұлттық мұражайында болып, тарихи жәдігерлерді тамашалап, мол мағлұмат алды. Сол күні кешкі аста балаларды «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев құттықтап, кішкентай меймандардың сәтті демалып, жақсы көңіл-күймен оралуына тілектестігін білдіріп, оларға балмұздақ таратты. Балаларға кешкісін аниматорлар әртүрлі байқаулар мен ойындар, флешмоб, челлендждер ұйымдастырды. Ал кеше балалар «Думан» ойын-сауық кешеніндегі Мұхитаралды, Экзотариум және «Джунгли» паркін аралады. Сонымен қатар қонақ үйдің фитнес-орталығындағы бассейнде шомылып, пицца дайындау бойынша шеберлік сабағына қатысты. Жұма күні балалар пойыздарға отырып, үйлеріне қайтады.
– Биыл біз еліміздің шалғайдағы станцияларында тұратын теміржолшылардың 70 баласына экскурсиялық тур ұйымдастырып отырмыз. Бейнеу, Сексеуіл, Мақат, Жаңаарқа, Күмістау, Аягөз, Өскемен станцияларынан, яғни әр станциядан 10 баладан жиналды. Және бірінші кезекте көп балалы және аз қамтылған отбасының балаларын қамтуға тырыстық. Экскурсиялық турды, түрлі бағдарламаларды ұйымдастыру, қонақ үй, демалыс, тамақ мәзірі, топтарды қарсы алып-шығарып салу, т.т. жұмыстар түгел Орталық Кәсіподақ кеңесі қызметкерлерінің күшімен және қаражаты есебінен жүзеге асырылып отыр, – деген «Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасы Оразғали Ахметбаев балаларға ары-бері пойыз билеттерін жергілікті кәсіподақ комитеттері сатып алғанын атап өтті.
Сұлугүл Бакесова,
Нұр-Сұлтан
Суретті түсірген Александр ЖАБЧУК