Бар жақсылық – балаларға …

НҰР-СҰЛТАН

«Жолаушылар тасымалы» АҚ «Нұрлы жол» вокзалынан жолға шыққан кішкентай жолаушыларға арнайы сыйлықтар үлестірді.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ бас директоры Жәнібек Тайжановтың өзі әр балаға сурет салуға арналған құралдар мен тәттілер салынған қорап сыйлады.

Компания өкілдерінің айтуынша, мұндай сыйлық қорапшалары жол бойында келесі станциялардан мінген балаларға да үлестірілген. Мереке күні кешкі сағат 18.50-де жолға шыққан «Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол-Алматы» пойызындағы жолаушылардың ішінде 20 шақты бала болған. Дегенмен Алматыға жеткенге дейін жолдағы станциялардан мінетін балалар саны одан да көп болды. Сонымен аталған компания мереке күні 19 жолаушы пойызындағы жолаушы балаларға 500-ден астам сыйлық таратқан.

– Сыйлықтарыңызға көп рахмет. Мен үшін күтпеген тосынсый болды. Енді жолда ішім пыспайды. Барғанша сурет салуды ермек қыламын, – дейді 8 жасар Арсен.

Тағы бір айта кетерлігі, бірқатар по- йыздардың вагон-мейрамханаларын жалға алған кәсіпкерлер де бұл күні вагон ішін безендіріп, дастархан мәзірін де балаларға ыңғайлы етіп жасақтаған. Осылайша балалар жылындағы балалар күні жылдағыдан ерекше болып өтуіне теміржолшылар өз үлестерін қосуда.

Ұлан ОРАЗ

Суретті түсірген Александр Жабчук

***

ҚЫЗЫЛОРДА

Қызылорда магистральдық желі бөлімшесіне қарас- ты Түркістан мен Сексеуіл станциялары арасындағы теміржолшылардың балалары «Пумбо» ойын-сауық орталығында қызыққа толы демалыс күнін өткізді.

Жалпы аймақтағы теміржол мекемелері кәсіподақ ұйымымен бірлесіп балалардың мерекесін жыл сайын жоғары деңгейде атап өтеді. Бұл жолы да бүлдіршіндер қызық пен қуанышқа кенелді.

– Балаларды қорғау күні қарсаңында шалғайдағы станция мен бекеттерде жұмыс істейтін теміржолшылардың балаларына мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін оларға жақындау орталықтарға – Шиелі, Жаңақорған, Жалағаш станцияларына, Қызылорда қаласына жинап, мұражайларға саяхат жасаттық. Бүгін қаладағы «Пумбо» ойын-сауық орталығына балалардың ата-аналарымен келдік. Орталықта тәжірибелі аниматорлар балаларға әртүрлі конкурстар мен шоу ұйымдастырып, балалар қуанышын еселей түсті, – дейді Магистральдық желі бөлімшесінің кәсіподақ төрайымы Ажар Ерманова.

Қызылорда жол дистанциясының басшылығы мен кәсіподақ ұйымы балаларға тәттіден себеттер тарту етіп қуантса, Қызылорда белгі беру және байланыс дистанциясының басшылығы мен кәсіподақ ұйымы теміржолшылардың мектеп жасындағы балаларына Қызылорда локомотив пайдалану депосының мұражайын, Облыстық филармонияда өнерпаздардың балаларға арнаған анимациялық қойылымдарын тамашалатты.

Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ

Суретті түсірген автор

***

МАҢҒЫСТАУ

Маңғыстау орталығындағы сән салтанаты келіскен мейрамханалардың бірі бұл күні есігін айқара ашып, өзінің кішкентай меймандарын қабылдады.

Талай тойдың сәнін келтіріп жүрген, ертегі кейіпкерлері мен түрлі персонаждар да сол жерден табылды. Балаларға арналған мұндай мерекелік кешті өңір теміржолының кәсіподақ ұйымы ұйымдастырды. Зәулім сарай балапандардың шат күлкісіне толды.

– Түске дейін бөлімшеге қарасты мекемелердің бес жүз баласына, түстен кейін магистральдық желі бөлімшесінің тағы бес жүз баласына кеш ұйымдастырып отырмыз. Мейрамхана ішінде мерекелік шаралар мен ойындар өтсе, сыртына балапандарымыз ойнауға арналған шағын алаңқай әкеліп орнаттық. Тәтті-дәмді сыйлықтарымыз да бар, – дейді Орталық теміржолшылар кәсіподағының Маңғыстаудағы өкілі Әзірбай Тұрмағанбетов.

Айсұлтан АРМАН

Суретті түсірген автор

***

АТЫРАУ

Өңірдегі темір жол мекемелері балаларға арнап әртүрлі шаралар өткізді. Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің қолдауымен және кәсіподақ комитетінің ұйымдас- тыруымен Теңдік, Атырау, Махамбет және Ақжайық станциясы қызметкерлерінің 5-10 жас аралығындағы балалары қаладағы «Керуен-Риза» балалар ойын-сауық орталығында болды.

Орталықта батут, шарлар, лабиринт, сырғанау төбешігі, жүгіру, секіру алаңдары, тағы басқа ойын баласын қызықтыратын кереметтің бәрі бар. Оқу жылы аяқталып, арқаны кеңге салған балалар алаңсыз шапқылап, секіріп құмардан шыққанша ойнады.

Ұйымдастырушылар сондай-ақ балаларға дәмді самса мен бәліш, тәтті сусындар таратуды да ұмытқан жоқ. Жан-жақтан жиналған 100 бала ойын ойнаумен қатар, бір-бірімен танысып, достасып та үлгерді.

Қосұйым Мұқашев

***

СЕМЕЙ

Семей жүк тасымалы бөлімшесі мен салалық кәсіподақ ұйымы ерекше шара ұйымдастырды. Барша теміржолшылардың балалары Абай театрында ертегі тамашалады.

Мұндай шара алғаш рет өткізіліп отырғандықтан балақайлардың қуанышында шек болған жоқ. Тағылымдық тәрбиелік мәні зор ертегі қойылымында олар анасын ренжітіп, ертегілер елінде адасып кеткен «тентек көжекке» жандары ашып, сиқырлы әлемді бірге шарлағандай күй кешті.

Ал, спектакль аяқталған соң бал- дырғандарды театр фойесінде тәттілер мен мерекелік сыйлықтар күтіп тұрды. Ойыншық гүл мен шоколад ұсынған кәсіподақ белсенділері балалар мен олардың ата-аналарының алғыстарына кенелді.

Дәл осындай мерекелік шаралар Аягөз және Шар станцияларының балаларына да ұйымдастырылды. Орталық алаңға жиналған бүлдіршіндер ән мен биді тамашалап, асфальтқа сурет салып, өзара сынға түсті. Тәтті сыйлықтар алды.

Қуаныш Қожаев

Суретті түсірген автор

***

АҚТӨБЕ

Ақтөбе магистральдық желі бөлімшесі балаларды қорғау күніне орай көп балалы отбасыларға және мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге сыйлықтар жасады.

Мысалы, Бершүгір жол дистанция- сының ұжымы көп балалы отбасылардың 192 баласына сыйлықтар таратып, мүгедек бала тәрбиелеп отырған үш отбасына ауқымды сый-сияпат берген.

Балалар мерекесінде түрлі мәдени шаралар да ұйымдастырылып, кейбір мекемелер сурет салу байқауын ұйымдастырды. Жүлделі орынға ие балаларға түрлі сыйлықтар, ал конкурсқа қатысқан барлық балаларға тәттілер таратылды.

Ардақ Ерубаева