Ел шығысында теміржолшылар баскетболдан кезекті бөлімше біріншілігін аяқтады. Оған барлығы 6 команда қатысты.
Бұл жолғы сайысқа кіл мықты командалар жиналған болатын. Олардың көпшілігі бұрындары да бір-бірімен бәсекелес болғандықтан, аталмыш чемпионатқа есе қайтару үшін жоғары даярлықпен келді. Әуелгі топтық кезең өзара күш байқасып, қарымта алмасумен өтті. Финал барысында үздік үштіктен дәмелі командалар барын салды. Үшінші орын үшін бақ сынасқан Жаңа-Семей мен Семей станциялары командаларының ойындары барынша қызу өрбіді. Қос команда көпке дейін есеп аша алмады. Әйтсе де, ойынның шешуші сәттерінде Семей станциясының ойыншылары ұтқырлық танытып, ұпай жинап алды. Нәтижесінде семейлік қозғалысшылар ұтып кетті.
Соңғы сында ПЧ-39 бен НЖС-6 командалары бірінші және екінші орындарды өзара сарапқа салды. Бұл ойында жолшы жігіттер шапшаңдық пен шеберлік танытып, қарсыластарын қапы қалдырды. Сөйтіп, бас жүлдені осыған дейінгі түрлі спорттық сайыстарда бәйгені бермей жүрген Семей жол дистанциясының құрыш білекті жігіттері жеңіп алса, екінші орын мінберінен Семей НЖС ойыншылары табылды. Ал жүлделі үшінші орынды Семей станциясы иеленді.
Қуан Ертіс, Семей
Суретті түсірген автор