БАСТЫ ҚҰНДЫЛЫҚ – АДАМ ӨМІРІ

Өткен жұма күні «ҚТЖ» ҰК» АҚ кәсіпорындарында он бес жылдан астам уақыт «нөлдік жарақаттану» қағидасын ұстанып, бірде-бір өндірістік жарақат оқиғаларына жол бермей, еңбек қауіпсіздігінің сақталуына атсалысқан теміржолшыларды марапаттау рәсімі өтті.
Салтанатты шара Қауіпсіздік минутынан басталды. Техникалық саясат департаментінің бас менеджері Шыңғыс Сәмбетов қауіпсіздік минутында осы маусым айында ауа райы +40-45 градус ыстыққа дейін көтерілетінін, ал мұндай аптап ыстықта еңбек өнімділігі төмендейтінін, жұмысшылардың сақтық шараларын ұстануы қажеттігін атап өтті. Атап айтқанда мұндай температурада жұмыс істегенде дұрыс киім таңдай білу де маңызды, сондай-ақ сағат сайын демалу және ауыз сумен қамтамасыз ету жағын ұйымдастыру ескертілді. Және де ыстық өтіп, денсаулығы сыр берген жұмысшыларға алғашқы көмек көрсету жолдары ұсынылды.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ бас инженері – техникалық саясат департаментінің директоры Батыр Котырев сөз алып, қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету – Ұлттық компания басымдық беріп отырған басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.
– Өндірісте бірде-бір жазатайым оқиғаға жол бермей, көп жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан бірқатар құрылымдық бөлімшелер бар. Оларда қауіпсіз еңбек жағдайы қамтамасыз етіліп, жоғары еңбек өнімділігі байқалуда. Бұл кәсіпорындар өзгелер үшін үлгі болмақ. Компанияның басты құндылығы – адамдар және олардың өмірі мен денсаулығы. Сондықтан жұмысшы өзінің ғана алдында емес, Компания алдында, отбасы алдында жауапкершілік арқалайтынын және жұмыстан кейін оны үйінде отбасы күтіп отырғанын естен шығармауы керек. Өзіңізге және отбасыңызға қамқорлық жасаңыз, – деді Батыр Котырев өз сөзінде.
«Қазкөліккәсіп» ҚБ төрағасының орынбасары Жұпарбек Сәбитов теміржол саласы еңбеккерлерінің құқықтары мен мүдделері әрқашан кәсіподақ ұйымдары назарында екенін, қандай да бір туындаған мәселелер жұмыс берушімен бірлесе шешіліп отыратынын және жұмысшылар жеке бастарына немесе жұмыс жағдайына қатысты әртүрлі мәселелермен кез келген уақытта кәсіподақ ұйымдарына шыға алатынын жеткізді.
Ресми бөлімнен кейін марапаттау рәсімі басталды. 12 теміржолшының қауіпсіздік қорғаудағы еңбегі жоғары бағаланды. 40 АЕК төлемақысымен «Адал еңбегі үшін» белгісіне 20-30 жылдан бері бірде-бір рет жазатайым оқиғаға жол бермеген Атырау магистральдық желі бөлімшесіне қарасты Ақжайық белгі беру және байланыс дистанциясының бастығы Айбек Жолдасов, Қызылорда магистральдық желі бөлімшесіне қарасты Қазалы электрмен жабдықтау дистанциясының бас инженері Асқар Тілеулин, «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Батыс» АФ-ның Орал телімінің бастығы Думан Қарағойшин лайық деп танылды.
Ал 10 АЕК төлемақысымен «Үздік маман» атағы 37 жылдан астам жазатайым оқиғаға жол бермей еңбек еткен Қызылорда НЖС – Қазалы белгі беру және байланыс дистанциясының еңбек қорғау және қауіпсіздік техникасы жөніндегі жетекші инженері Әлібек Өтениязовқа, Семей ЖТ бөлімшесінің ВЧДЭ Өскемен-1 (16 жыл) бас инженері Саят Байжұмановқа, «Вагонсервис» АҚ Ақмола филиалы Қарағанды телімінің (18 жылдан астам уақыт) жетекші инженері Сымбат Сүлейменоваға табыс етілді.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының Құрмет грамотасымен және 8 АЕК төлемақысымен «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС – Илецк филиалының вагондарға техникалық қызмет көрсету пунктінің (35 жыл бойы жарақаттану оқиғасы болмаған) бастығы Рашид Байниязов, «Теміржолсу – Қарағанды» ЖШС (20 жылдан астам уақыт) директоры Ержан Қошақаев, «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – Ақмола магистральдық желі бөлімшесінің Жаңа-Есіл белгі беру және байланыс дистанциясының (34 жыл) еңбек қорғау және қауіпсіздік жөніндегі жетекші инженері Светлана Кокухина марапатталды.
Ал «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының атынан 6 АЕК төлемақысымен Алғыс хат Екібастұз – Северный станциясының (41 жыл) бастығы Мұрат Саркеновке, «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Северный» АФ Павлодар учаскесі (25 жылдан астам уақыт) еңбек қорғау қызметінің жетекші инженері Ермек Жәнібековке, Семей вагон пайдалану депосының (16 жыл жарақаттану оқиғасы тіркелмеген) өнеркәсіптік қауіпсіздік және экология секторының меңгерушісі Ләззат Жүнісоваға берілді.

Сұлугүл Бакесова