ҚР Кәсіподақтар күніне орай семейлік теміржолшылардың басын қосқан алқалы жиын өтті. Аталмыш шараға Семей ЖТ бөлімшесі басшысының орынбасарлары мен кәсіподақ ұйымдарының төрағалары, салалық кәсіподақ қызметінің белсенділері жиналды.
Салтанатты шараның кіріспесін «Қазкөліккәсіп» ҚБ Семей аймағы бойынша өкілі Есен Қажығұлов ашып, бүгінгі таңдағы кәсіподақ қызметінің маңыздылығы жайлы айтты. Жыл көлеміндегі атқарылған көптеген іс-шараларға тоқталды.
Басқосу барысында Семей ЖТ бөлімшесі бастығының қаржы жөніндегі орынбасары Жанар Амангелдіқызы сөз алып, кәсіби мерекеге орай құттықтау лебіз білдірді. Сонымен қатар кәсіподақ белсенділері бөлімшедегі еңбек қатынастары мәселелерін реттеп, жұмыс орнын жайлы етуде жергілікті теміржолшылар тарапынан алғысқа кенеліп жүргенін де жеткізді. Атап айтқанда кәсіподақ күшімен шалғай станциялардағы теміржолшылардың өтініш-тілектерін орындау бойынша ілкімді іс-шаралар жүргізілген. Тұрмысқа қажетті жабдықтар алынған. Бұл ретте жаз бойы желі бойында белсенді жұмыс жүргізген НОД-ЖТ кәсіподақ ұйымының төрайымы Айгүл Мырзағалиқызына қошемет гүлі мен арнайы сыйлықты салтанатты түрде табыс етті.
Сондай-ақ «Қазкөліккәсіп» ҚБ-ның Алғыс хаттарымен, Құрмет грамоталарымен кәсіподақ қызметіне елеулі үлес қосқан Данагүл Өтеленова, Серік Дүйсенбаев, Ертай Темірбеков, Болатбек Шутиков сынды кәсіподақ белсенділері де марапатталды. Осыдан соң кезек теміржолшылар арасындағы «Qwiz» ойынына берілді. Викториналық сұрақтар негізінен 2024-2026 жылдарға арналған ұжымдық шарт басымдықтары аясында әзірленген болатын. Әр мекемеден жиналған кәсіподақ белсенділері мен кадр бөлімінің қызметкерлерінен тұратын 9 команда өзара сынға түсіп, білім-біліктерін ортаға салды.
Қуаныш Қожаев